Баланың дене қызуы 40 градусқа көтерілуі қауіпті ме – дәрігер жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Баланың дене қызуының жоғары болуы оның жағдайы ауыр екенін білдіре бермейді. Мұндайда ата-ана баланың жалпы жағдайына назар аударуы қажет. Бұл туралы инфекционист дәрігер Роза Өтегенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Маманның айтуынша, балалар қызуды әртүрлі көтереді. Кейбірі дене қызуы 40 градусқа жеткенде де өзін біршама жақсы сезінсе, енді бірінің жағдайы 37 градустың өзінде нашарлауы мүмкін.

– Мұның бәрі баланың ағзасы мен иммундық жүйесінің қызуға қаншалықты төтеп бере алатынына байланысты. Кей балалар 40 градус қызуды көтере алса, енді бірі 37 градустың өзінде қиналады, – деді дәрігер.

Маман баланың қатар жүретін ауруларының бар-жоғын, қанша уақыттан бері ауырып жүргенін ескеру маңызды екенін айтты. Яғни ауру белгілерінің сол күні пайда болғанына немесе бірнеше күннен бері басылмай жүргеніне мән беру қажет.

Роза Өтегенованың сөзінше, әр баланың ағзасы қызуға әртүрлі жауап береді. Сондықтан оның жағдайын тек термометр көрсеткішіне қарап бағалау дұрыс емес.

Дәрігер ата-аналарға баланың жалпы жағдайын мұқият бақылап, қажет болған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде бір аптада 195 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгенін хабарлаған едік.