Баланың есірткі жасырушы болып жұмыс істейтінін қалай білуге болады

Баланың есірткі жасырушы болып жұмыс істейтінін қалай білуге болады? Бұл сауалға ІІМ мамандары жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Kazinform

Полиция ата-аналарға мына белгілерге назар аударуды ұсынады:

  • баланың телефонында үй кіреберістерінің, аялдамалардың, қабырғалардың суреттері пайда болса;
  • жеке заттары арасында изолента, zip-пакеттер, қалта электронды таразылары пайда болса;
    араласатын ортасы өзгерсе;
  • сөйлеу мәнері өзгеріп, әңгіме тақырыбын бұруға тырысса, дөрекілік танытса;
  • күн тәртібі өзгерсе: оқуға бірнеше сағат бұрын кетіп, оқудан бірнеше сағатқа кешіксе, кіммен және қайда болғанын айтпаса;
  • жаңа заттар пайда болса және оның қайдан келгенін түсіндіруден бас тартса.

"Бұл белгілердің пайда болуы баланы бақылауға, кез-келген заңсыз іс-әрекеттің салдарын түсіндіре отырып, онымен сөйлесуге себеп болуы керек", - деп жазды ведомстводан.

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал есірткі сатқаны үшін 14 жастан басталатынын еске салады.