«Баланың тілі шықты, аяғы шықты» деген сөздерді ұмытып барамыз – Назгүл Қожабек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ тілінде бұрыннан қалыптасқан «баланың тілі шықты», «аяғы шықты» сияқты тіркестердің орнына қазір «бала сөйлей бастады», «бала жүре бастады» деген қолданыстар жиі айтылып жүр. Филолог, аудармашы, редактор, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабек мұны кальканың тілге әсерінің бір көрінісі деп түсіндірді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Оның айтуынша, калька тек жекелеген сөздер мен сөйлем құрылымына әсер етпейді. Ол тілде бұрыннан бар ұғымдар мен қалыптасқан тіркестерді де біртіндеп ығыстырып жатыр.

– Соңғы уақытта бала тәрбиесіне байланысты шығып жатқан кітаптарды ашып қарасаңыз, «бала жүре бастады, бала сөйлей бастады» деген сөйлемдерді көресіз. Қазақта «баланың аяғы шықты, баланың тілі шықты» деген сөздер бар, мәселен. Соны ұмытып барамыз. Дәрігерге барсаңыз да, «шалқаңнан жат, етбетіңнен жат» демейді, «ішіңізбен жатыңыз», «арқаңызбен жатыңыз» дейді. Осының бәрі – калька, - деді Назгүл Қожабек.

Маманның пікірінше, мұндай өзгерістерді тек сөз қолданысындағы айырмашылық деп қарауға болмайды. Өйткені тілдегі қалыптасқан тіркестердің қолданыстан шығуы адамның ойлау және дүниені қабылдау ерекшелігіне де қатысы бар.

– Ол таным мәселесі, ол тілдің кодының мәселесі. Өз тіліміздің өзгеріп бара жатқанын біз сондай кішкентай ғана мысалдардан байқай аламыз. Ең қарапайым мысал – жаңағы «баланың аяғы шықты, тілі шықты», - деді ол.

Оның айтуынша, кальканы байқау қиын, өйткені мұндай мәтіндегі сөздердің өзі қазақша болуы мүмкін. Алайда сөйлемнің құрылымы, сөздердің байланысу тәсілі немесе белгілі бір ойды жеткізу үлгісі басқа тілдің ықпалымен қалыптасады.

Айта кетейік, бұл мәселе Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай өткен «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» атты кәсіби кездесуде көтерілді. Іс-шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырды.

Бұған дейін Назгүл Қожабек жастар мен оқушылар жасанды интеллект құралдарын сабақтан бастап күнделікті кеңес алуға дейін пайдаланып жүргенін, сондықтан олардың ЖИ-ден алатын жауабының тілі қаншалықты дұрыс болатынына мамандар да жауапты екенін атап өткен еді.