Баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан аналардың жәрдемақысы сақталады

АСТАНА. KAZINFORM – Енді баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа оралған аналарға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тоқтамайды. Бұл өзгеріс әйелдердің жұмысқа оралуына кедергі келтіретін шектеуді жоюға бағытталған. Сонымен қатар бала тууына байланысты жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат санаты ескеріледі.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі жыл және одан да көп уақыт қатысқан әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты төленетін төлем отбасының санатына қарамастан сақталады.

Мұқтаждық қағидаты тек бюджеттен төленетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыға ғана қолданылады. Жәрдемақыны С, D және Е санатындағы отбасылар алады.

– Жұмыс істемейтін әйелдерге берілетін екі төлем де республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бұл – бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы және бала 1,5 жасқа толғанша берілетін ай сайынғы жәрдемақы. Екі төлем де мұқтаждық деңгейіне орай тағайындалады. А және В санаттарындағы отбасыларға аталған жәрдемақылар тағайындалмайды. С, D және Е санаттарындағы отбасылардың төлемдерді алу құқығы сақталады, – деді Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, әйелдердің жұмыспен қамтылуына кедергі келтіретін тағы бір шектеу алынып тасталды.

Егер әйел баласы 1,5 жасқа толғанша жұмысқа шықса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тоқтатылмайды. Ол белгіленген мерзім аяқталғанға дейін төлене береді.

– Әйел жұмысқа оралу мен әлеуметтік төлемді сақтап қалудың бірін таңдамағаны жөн. Жүктілікке және босануға байланысты төлем отбасының санатына қарамастан бұрынғы тәртіппен сақталады, – деді А. Ертаев.

Бұған дейін Еңбек министрі «А» санатының белгілерін атаған еді.

Жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.

Еңбек министрі 36 жәрдемақының 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізілетінін айтуда.