Баласын түнде ойын-сауық орындарына жіберген 78 мың ата-ана жауапқа тартылды – ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылы кәмелетке толмаған балаларды түнгі уақытта ойын-сауық орындарына жібергені үшін 78 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылған.

Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 78 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 1 600 кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылды», - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Брифинг барысында ол биыл балаларға қатысты жасалатын жыныстық қол сұғушылық қылмыстары 22,7%-ға азайғанын атап өтті. Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, карантиндік шектеулерді алып тастау - бұл бағыттағы заңға қайшы әрекеттер санының төмендеуіне сеп болған.