ҚР Білім және ғылым министрлігі мәлімдеген 5 күндік оқу режиміне келесі оқу жылынан бастап көшуге байланысты жазғы каникулдің басталуы 1 шілдеге қарай ығысатынын ескеретін болсақ, бұл проблеманың тиімді және кәсіби шешімін табу бүгінде аса өзекті мәселе болып отырғаны байқалады. Демек, мектеп оқушыларын сауықтыру орталықтарына жаңа міндет қойылып отырғаны анық.
Бұдан бұрын ҚР Білім және ғылым министрлігі ағымдағы жылғы 7-8 сәуірі күндері «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 2016 жылғы жазғы демалыс кезінде балалар демалысын қамтамасыз ету және ұйымдастыру мәселелеріне арналған республикалық семинар өткізгенін хабарлаған болатынбыз. Шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардардың, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке компаниялардың білім беру басқармаларының, облыстардың және Астана мен Алмат қаласы әкімдігінің өкілдері, балаларды сауықтыру орталықтарының басшылары қатысты. Жиынның жалпы отырысында балалардың демалысын ұйымдастыру, сауықтыру жұмыстарындағы барлық қызметтерді ведомствоаралық үйлестіру мәселелері қарастырылды. Семинар қорытындысында ұсыныстар әзірленді.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда бүгінде үлкен жұмыстар жүргізіп отырған «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы да жазғы маусымға жан-жақты әзірленуде. Осы ретте ҚазАқпарат «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Мұхитдин Төлепбайды сұхбатқа тартқан болатын.
- Мұхитдин Бекболатұлы, өзіңіз басшылық жасайтын орталықта бүгінде кімдер демала алады?
- Өздеріңізде білетіндей, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Халықаралық «Артек» балалар орталығының үлгісімен құрылған болатын. Жыл сайын біздің жыл бойы жұмыс істейтін орталықтың базасында елдің әр аймақтарындағы әртүрлі мектептерден алты мыңнан астам талантты мектеп оқушылары оқиды және демалады. «Балдәурен» бір ауысымда Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ге дейін баланы қабылдайды. Жазғы уақытта ауысым ұзақтығы 15 күн болады, ал оқу жылы кезеңінде ауысым 20 күнге созылады.
Орталыққа демалуға конкурстық негізде жолдаманы жеңіп алған 11-ден 15 жасқа дейінгі (5-9 сыныптар оқушылары) дарынды балалар келеді. Бұл оқу үздіктері, мектептік, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалардың, спорт жарыстарының, шығармашылық конкурстардың жеңімпаздары, сондай-ақ ғылыми жобалар жеңімпаздары. Жолдамалар облыстық білім департаменттері арқылы бөлінетінін атап өтейін.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның ең беделді лагері «Балдәуренге» жіберілетін ең лайықты мектеп оқушыларын іріктеу жөніндегі әкімдіктердің, облыстық білім департаменттерінің, қалалық және аудандық білім басқармалары өкілдерінің үздік жұмысы үшін алғысымды білдіргім келеді.
- Балалардың демалуына, білім алуына қандай жағдайлар жасалған?
- Біздің орталықта балалардың демалуы үшін ең үздік жағдайлар жасалған. «Балдәурен» бүгінде деңгейі мен ауқымы жағынан Орталық Азия елдеріндегі бірден-бір ұлттық балалар лагері болып табылады, мұнда отандық балалар мен жасөспірімдер жайлы да қызықты, өзі үшін барынша пайдалы демалады. Онда олар сапалы қосымша білім алады және шығармашылық қабілеттерін шеберліктің жоғары деңгейіне көтере алады. Біздің орталықта жүйелі негізде балалармен және жасөспірімдермен тәрбие-білім және сауықтыру жұмыстарының көпжылғы тәжірибесі жинақталған, мұнда ең табысты және озық отандық және халықаралық педагогикалық технологиялар жүзеге асырылады.
Егер материалдық-техникалық база жөнінде айтар болсақ, «Балдәурен» орталығының аумағында әдемі де кең ғимараттар бар, олар осы заманғы талаптарға сай балалардың толыққанды демалуын қамтамасыз етеді. Мысалға, сапалы тамақтандыруды қамтамасыз ету сияқты шетін мәселе бізде мемлекеттік стандарттарға сай шешілген. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету де жоғары деңгейде жүргізіледі, заманауи техникамен жарақтанған мектеп сыныптары, спорт залдары, жабық бассейн және басқа да жайлы өмір сүру және демалу атрибуттары бар.
Орталық қызметін ҚР Білім және ғылым министрлігі бағыттап отырады. Бізде барлық өзекті және ағымдағы мәселелер бойынша білім ведомстволарымен белсенді байланыстар жолға қойылған. Жүйеленген ұдайы және өзара байланысты жұмыс болмайынша, үлкен Орталықтың қызметін ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.
- Орталық қызметі саласына не кіреді?
- Орталық қызметіне өңірлік білім ұйымдарымен үйлестірілген өзара іс-қимыл, климаттык ерекшеліктерді ескеру, жыл маусымына қарай білім беру және ойын бағдарламаларын жіті жоспарлау кіреді.
Сондай-ақ жыл бойы ұлттық жобаларды және патриоттық акцияларды сүйемелдеу шаралары жүзеге асырылады, үнемі алмасып отыратын лагер ауысымдары бойы тоқталмайтын тәрбие процесі мен барлық қызметтердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етіліп отырады. Біз идеялы, жас және патриоттық үлгіде тәрбиеленген жас көшбасшылардың инкубаторына айналдық. Біз өскелең ұрпақтың озық буынын тәрбиелеу жөніндегі өзекті міндеттерді нақты және кәсіби түрде шешетін институтқа айналдық.
Қорыта келгенде, осының бәрі Орталық туралы күрделі тетік ретінде ғана емес, дәлірек айтсақ, одан әрі даму үшін жаңа креативтік идеялар мен мақсаттарды үнемі талап ететін жанды педагогикалық организм ретінде айтуға мүмкіндік береді.
- Жас ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беру бағытында недей жұмыстар атқарудасыздар?
- Иә, қазіргі жағдайда өскелең ұрпақты патриоттық тәрибиелеудің рөлі арта түсіп отырғанын бөлек атап өткен жөн. Осыған байланысты «Балдәурен» Орталығына 2011 жылғы 20 желтоқсанда (Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында) Жеңіс туының көшірмесін сақтауға беру бірегей тәрбиелік мәні зор оқиға болды. Жеңіс туы қанқұйлы жаумен жан беріскен ұрыста кеңес халқын ерлікке бастаған қасиетті символ болып табылады. Қазір осы Тудың көшірмесі біздің Орталықта сақтаулы тұр.
Бұл қасиетті жәдігер «Балалар демалысын ұйымдастырушылардың достастығы» Халықаралық қоғамдық ұйымы Атқару комитетінің бастамасымен Ресей Федерациясы әскери қолбасшылары клубының атынан «Балдәурен» орталығына 1941-1945 жылдардағы Жеңістің 65 жылдығына арналған еске алу-мемориалдық және мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысқаны үшін берілді. Жеңіс Туының көшірмесін беру салтанатты рәсімінің қатысушылары балалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының кадеттері, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары, өкімет органдарының өкілдері, «Балалар демалысын ұйымдастырушылар достастығы» Халықаралық қоғамдық ұйымы Атқару комитетінің өкілдері, Орталық қызметкерлері, масс-медиа өкілдері болды.
Бүгінде мемлекеттің басты ұлттық жобаларының бірі келесі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі болып отыр. «Балдәурен» Орталығы да бұл жобаны қолдауға белсене араласты. ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің қолдауымен біздің Орталықта 2016 жылғы 12 наурызда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған «Табиғатты аялайық!» республикалық акциясы басталды.
Акция жұртшылық назарын қоршаған ортаны қорғауға аударуға, әрбір азаматта экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, волонтерлік қозғалысты қолдауға және дамытуға бағытталған. Бұл акцияға Қазақстанның барлық өңірлерінің жалпы білім беретін мекемелерінің қатысуы ұсынылады. Акция қатысушылары немен айналысады? Олар қорғап, сақтауды талап ететін өз өлкесінің «экологиялық нысандарын» анықтайды, одан кейін бұл мәселелерді шешудің бірқатар практикалық шараларын қолға алады. Қатысушы-мектеп оқушылары «Балдәуреннен» өз өлкелеріне оралғаннан кейін бұл акцияны жергілікті жерлерде одан әрі насихаттайды, бүкіл ел үшін маңызды істің белсенді жанашырлары болады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай деп жазады: «...күшті және гүлденген мемлекет болу және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін біз интеллектуалдық элитаға, жоғарғы технологияға, еліміздің ғылыми әлеуетіне сүйенуіміз қажет. Тек өзінің интеллектуалдық әлеуетінің арқасында ғана ел әлемдегі өзінің лайықты орнын ала алады. ...Жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі - бұл, үнемі құбылып отыратын бүгінгі мен белгісіз ертеңгіге дайын болуға көмектесетін, өмірлік машықтардың шоғырлануы. ...Бізге бағдарламаның шеңберінде қалып қойғандар емес, еркін жол таба білетіндер керек».
Біздің Орталық, біздің вожатыйларымыз, біздің педагогтарымыз ойын және басқа да педагогикалық формалар арқылы балалардың бойына озық ойлау мәдениетін еге отырып, баланы өз Отанының шынайы патриоты және азаматы етіп өсіруге көмектесе отырып, міне, нақ осындай бәсекеге қабілетті жеке адамды қалыптастыруға жағдай жасауға тырысуда.
Демалыс маусымы аяқталған кезде біздің балалар қайтадан келуге және осынау білім мен еңбек мерекесі әлеміне бой ұруға үміттеніп, лагермен көзіне жас алып қимай қоштасады. Тағы бір айта кетер жайт, «Балдәуренде» шеберлік сабақтарында болған, өңірлерден келген көптеген вожатыйлар одан әрі біздің Орталықтағы бос орындар конкурсына қатысатынын атап өткен жөн.
«Балдәурен» Орталығы елдің педагогикалық тәжірибесі қоржынына ғана емес, сонымен бірге ресейлік (бұл «Артек», «Орленок» және «Океан»), беларустық («Зубренок»), болгарлық («Камчия») сияқты халықаралық педагогикалық қоғамдастықтардың және басқа да халықаралық балалар демалысы орталықтарының тәжірибесіне өз үлесін қосып келеді. Біздің педагог-ұйымдастырушылар, біздің вожатыйлар педагогикалық ойын бағдарламалары халықаралық конкурстарына үнемі қатыса отырып, кәсіби жарыстардың жеңімпаздары және лауреаттары болып келеді. Сондай-ақ Орталықта Вожатый шеберлігі мектебі және Вожатый шеберлігінің жоғары мектебі түрақты негізде жұмыс істейді, оларда республикамыздың барлық өңірлерінен келген вожатыйлар үшін сабақтарды өткізу формасы лекциялар, семнарлар мен практикумдар ғана емес, шығармашылық шеберханалар, шеберлік сабақтары және рөлдік ойындар түрінде де өтеді. Сонымен бірге біз нақ осы кадрларға деген өсіп отырған қажеттілікті көріп отырмыз, өйткені олар «Балдәурен» қабырғаларында бірегей мамандар болып шығады десек, асыра айтқандық емес. Балалар демалыс орталықтары үшін кадрлар даярлауға біз үлкен жауапкершілікпен қараймыз және вожатыйлардың кәсіби құзыретін арттыру мемлекеттік ауқымдағы міндеттерді жүзеге асыруда Орталықтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Біздің Орталық интеллектуалдық дарынды және өзіндік азаматтық ұстанымымен патриоттық тәрбие алған жеке адамды дамыту және қолдау үшін барлық жағдайды жасауға ұмтылуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгілеген бастамалары аясында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұжымы педагогикалық шеберліктің алдыңғы шебінде болуға ұмтыла отырып, ең таңдаулы халықаралық креативтік технологияларды таңдап, талмастан игеруде.
Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру мақсаттарының экономикалық және саяси маңызын түсіне отырып, біз алдымызға әлемнің танымал сауықтыру орталықтарының арасындағы көшбасшылардың бірі болу мақсатын қойып отырмыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!