Балдыр мен асшаян қабығынан жасалған материал смартфонды массажерге айналдыра алады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы Корнелл университетінің зерттеушілері балдыр, асшаян қабығы және желатин негізіндегі жіптерден ерекше мата жасап шығарды. Ол сұйықтықтың әсерінен пішінін өзгерте алады. Болашақта бұл технология қызметін өзгерте алатын түрлі гаджеттер жасауға мүмкіндік береді, деп жазады Cornell Chronicle .

Фото: Видеодан скрин

— Смартфоныңыз пішінін өзгерте алады деп елестетіп көріңіз. Әуелі ол телефон қызметін атқарады, ал мойныңызды уқалау қажет болғанда массаж жасайтын жастыққа айналады. Бұл — біздің зерттеу саламыздағы маңызды идеялардың бірі. Қазір оны жүзеге асырудың түрлі жолдары зерттеліп жатыр, — деді Адам экологиясы колледжіндегі Hybrid Body зертханасының жетекшісі Синди Као.

Фото: Cornell University / Ryan Young

AquaWeave деп аталатын жобаның алғашқы кезеңінде жаңа жіптердің кейбір қасиеттері кемшілік ретінде қарастырылған. Мәселен, балдырдан жасалған жіп суға тигенде ісінеді, асшаян қабығынан алынған жіп қышқыл ортада созылады, ал желатиннен жасалған жіп суда еріп кетеді.

— Кейін біз бұл қасиеттердің өзін қызықты мүмкіндік ретінде қарастыруға болатынын түсіндік, — деді Као.

Зерттеу нәтижесінде сұйықтықтың әсерінен пішінін өзгертетін маталардың бірнеше түрі жасалды. Олардың кейбірі түтік тәрізді ширатылса, енді бірі клапан, күмбез немесе шығыңқы пішінге енеді. Ал желатин жіптері еріген кезде матаның бетінде тесіктер пайда болады. Мұндай материалдарды адам мен компьютер арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдететін құрылғыларда қолдануға болады.

Зерттеу жұмысын 4 қарашада Детройтта өткен ACM UIST 2026 конференциясында жобаның жетекші авторы, Каоның бұрынғы докторанты, қазір Калифорния университетінің Дэвистегі кампусының доценті Цзинвэнь Чжу таныстырды.

Оның айтуынша, зерттеу белгілі бір материалға немесе өрнекке ғана негізделмеген. Ғалымдар матаны тоқудың әртүрлі тәсілдері оның қасиеті мен пішінінің өзгеруіне қалай әсер ететінін зерттеген. Бұл басқа зерттеушілерге де өздерінің тоқу үлгілерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Жобаға Норвегияда өткен конференцияға қатысқан тоқымашылар да тартылған. Шеберлердің бірі балдыр жібінің ісіну қасиетін пайдаланып, бедерлі мата жасаған. Екіншісі матаның ширатылуына негізделген өрнек ойлап тапса, үшіншісі үш қабатты мата тоқып, ортаңғы қабаты өзгерген кезде ішкі құрылымы сыртқа көрінетін үлгі әзірлеген.

Као жетекшілік ететін зертхана теріге тікелей тағылатын басқа да құрылғыларды жасап жатыр. Мысалы, SkinLink модульдер жиынтығы бірнеше минут ішінде қол қозғалысын бақылайтын икемді датчик құрастыруға мүмкіндік береді. Ол егде жастағы адам құлап қалған жағдайда хабарлама жібере алады.

Ал Weill Cornell Medicine оңалту медицинасы бөлімшесімен бірлесіп жасалған EdemaFlex құрылғысы қолдың ісінуін азайтуға арналған.

Айта кетейік, жас зерттеушілер электр желілеріне арналған ЖИ және қатерлі ісікті емдейтін наногель әзірлеп жатыр.

Еске салайық, Иран ғалымдары сүйек тінінің қалпына келуін жеделдететін технология әзірледі.