Иран ғалымдары сүйек тінінің қалпына келуін жеделдететін технология әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ирандық ғалымдар дің жасушаларының сүйек жасушаларына айналуын жеделдететін материалдар әзірледі. Зертханалық тәжірибе барысында сүйек тінінің қалыптаса бастаған алғашқы белгілері небәрі 7 күнде байқалған, деп хабарлайды БелТА.

Дәрі-дәрмек, зертхана
Фото: БЕЛТА

Жаңа технологияны регенеративті медицинада, күрделі сүйек сынықтарын емдеуде, сондай-ақ жарақаттан немесе аурудан зақымданған сүйектерді қалпына келтіруде қолдануға болады.

Зерттеушілер табиғи сүйек тінінің екі негізгі қасиетін қайталайтын жасанды материалдар жасаған. Оның біріншісі — сүйек түзетін жасушалардың беткі қабатының ерекше құрылымы. Екіншісі — сүйек тінінің механикалық әсерге жауап ретінде электрлік сигнал тудыру қабілеті. Бұл құбылыс пьезоэлектрлік әсер деп аталады.

Жаңа материалдарды жасау үшін сүйек жасушалары бетінің үлгілері, барий титанатының нанобөлшектері мен полимер талшықтары пайдаланылған. Осы компоненттерден жасалған құрылымдар сүйек тінінің қалыптасуына қолайлы табиғи ортаны қайталайды.

Ғалымдар аталған материалдарға май тінінен алынған дің жасушаларын орналастырып, олардың өсуін бақылаған. Сонымен қатар жасушаларға адам ағзасындағыдай механикалық күш түсірген. Зерттеу барысында жасушалардың тіршілігін сақтауы, көбеюі және сүйек түзетін жасушаларға айналуы бағаланған.

Тәжірибе нәтижесі жаңа материалдардың жасушалардың тіршілігін сақтауға қолайлы екенін көрсетті. Сондай-ақ олардың сүйек түзетін жасушаларға тән қасиеттерді әдеттегіден жылдам қалыптастыратыны анықталған. Сүйек тінінің түзіле бастаған алғашқы белгілері жеті күннен кейін байқалған.

Технологияның басты ерекшелігі — дің жасушаларының сүйек жасушаларына айналуына ықпал ететін екі физикалық факторды біріктіруінде. Бұл үдерісте химиялық ынталандырғыштар қолданылмайды.

Зерттеушілердің пікірінше, жаңа тәсіл емдеуге қажетті жасушаларды дайындау шығынын азайтуға, үдерістің қауіпсіздігін арттыруға және жасушалардың сапасын сақтауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Айта кетейік, қазақ ғалымы қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілін әзірлеп жатыр.