Қазақ ғалымы қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілін әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев университетінің PhD докторанты Саназар Қадыр ішек және тоқ ішек қатерлі ісігін емдеуге арналған жаңа тәсілді зерттеп жатыр. Оған сай, дәрі нанобөлшектер арқылы қатерлі ісік пайда болған аймаққа тікелей жеткізіледі. Зерттеудің мақсаты – препараттың әсерін ісікке бағыттап, сау жасушаларға түсетін зиянды азайту, деді ол Jibek Joly арнасына берген сұхбатында.
Қазір онкологиялық ауруларды емдеуде химиотерапия кеңінен қолданылады. Алайда оның ерекшелігі – дәрі қатерлі жасушалармен қатар сау жасушаларға да әсер етуі мүмкін. Осы мәселені ескере отырып, ғалымдар препаратты ісік орналасқан аймаққа барынша дәл жеткізетін тәсілдерді зерттеп келеді.
Саназар Қадыр ұсынған жүйеде дәрі арнайы құрамға енгізіліп, ағзаға түскеннен кейін гельге айналуы керек. Зерттеушінің айтуынша, препарат қалыпты температурада сұйық күйде болады. Ал дене температурасының әсерінен гельге айналып, ішекте белгілі бір уақыт сақталады. Осы аралықта дәрі қатерлі ісікке әсер етуі тиіс.
– Қазір зерттеуіміз зертханалық кезеңінде. Ішек және тоқ ішектен алынған қатерлі ісік жасушаларына өзіміздің жүйемізді қолданып, оның әсерін зерттеп жатырмыз. Келесі кезеңде жүйені жануарларға, яғни тышқандарға сынауды жоспарлап отырмыз. Одан кейінгі зерттеудің нәтижесіне қарай клиникалық кезеңге өту көзделеді, – деді Саназар Қадыр.
Оның айтуынша, жаңа тәсілді химиотерапияны алмастыратын дайын ем ретінде қарастыруға әлі ерте. Дегенмен зерттеу сәтті жалғасса, препаратты ісікке бағыттап жеткізу арқылы онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа мүмкіндіктері ашылуы ықтимал.
Жас ғалым болашақта зерттеу аясын кеңейтуді де жоспарлап отыр. Ол аналық без обыры мен ас қорыту жүйесінде пайда болатын қатерлі ісіктерге қарсы препарат әзірлемек.
Назарбаев университетінің зертхана қызметкері Мырзагелді Сейіткерім мұндай ғылыми ізденістерді қолдаудың маңызын атап өтті.
– Саназар өте күрделі зерттеумен айналысып жатыр. Қатерлі ісікпен күрес әлем медицинасы үшін әлі де өзекті. Сондықтан осындай жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, ғылымды бірге дамытуымыз керек деп ойлаймын, – деді ол.
Қатерлі ісікке қарсы жаңа ем әзірлеу ұзақ зерттеуді және бірнеше сынақ кезеңінен өтуді талап етеді. Саназар Қадырдың жобасының келесі кезеңдегі нәтижесі жаңа тәсілдің тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында Орталық Азияда алғаш рет протондық терапияға арналған жабдық орнатылғаны туралы жазған едік.