Балқаштағы өліммен аяқталған төбелес: үш адамға сот үкімі шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында Балқаштағы төбелес кезінде адам өліміне әкелген іс бойынша сот өтті. Төбелеске қатысқандар жәбірленушіні қатты соққыға жығып, ол алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмған.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған, абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

2025 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні Балқаш қаласында кәмелетке толмаған А. сотталушылар А. және Қ.-мен бірге төбелес барысында жәбірленуші Ж.-ның бас тұсына жұдырықпен және аяқпен бірнеше рет соққы жасап, денесіне көптеген жарақат салған, алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші ауруханада қайтыс болған.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың көрсетулерімен, бейнежазбамен, сараптамалардың қорытындыларымен және іс бойынша басқа да материалдармен толық дәлелденді.

Прокурор кәмелетке толмаған А.-ға 8 жыл мерзімге, ал сотталушылар А. және Қ.-ға әрқайсысына 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. 

Жаза тағайындау кезінде сот кәмелетке толмаған А.-ға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмағанын таныды. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады. 

— Сот үкімімен кәмелетке толмаған А. кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге, ал А. және Қ.-ға әрқайсысына 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, 10 000 000 теңге өндірілді, өкілдік шығындар 3 500 000 теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Балқаш жағалауына көлігімен кіріп, демалушыларды шошытқан жүргізуші 10 тәулікке қамалғанын жаздық.