Банкаралық аударымдар лимиті екі еселенуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде телефон арқылы банкаралық аударымдардың базалық лимиті бір транзакция үшін 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов айтты.

Коллаж: Kazinform

— Біздің ортақ тәуекелдерді басқару жүйеміз аясында белгіленетін базалық лимиттер бар. Қазіргі таңда біз нормативтік-құқықтық актінің жобасын «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығардық. Егер барлық рәсімдер мақұлданса, онда қазан айына қарай бұл жүйе толық іске қосылады. Біз бір транзакцияға белгіленген лимитті 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін арттырдық, — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол банктер өздерінің тәуекел саясаты аясында аударымдарға жеке шектеулер белгілей алатынын атап өтті. Лимиттер бір операцияға немесе белгілі бір уақыт аралығына белгіленуі мүмкін. Бұдан бөлек, кейбір жағдайларда клиенттер банк мобильді қосымшасы арқылы шектеулерді өздері де белгілей алады.

Осы жылдың шілде айында 115 мыңға жуық азамат мобильдік аударымдар ережелерін бұзуға байланысты хабарлама алған еді.