Агенттік бұл шара азаматтардың борыш жүктемесін теңгерімді деңгейде ұстап, жауапты кредиттеу практикасын нығайтуға бағытталғанын хабарлады.
Бөлшек кредиттеу көлемінің өсуіне байланысты банктердің қарыз беру туралы шешім қабылдар алдында азаматтардың төлем қабілетін объективті бағалауы маңызды. Осы мақсатта жаңа қадағалау процесіне дейін пилоттық жоба жүргізілген. Оның барысында Агенттік сегіз банктегі БЖК есебін талдады. Нәтижелер тұрақты бақылау тетігін енгізу қажеттігін көрсетті.
DSR процесі халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеуге, қарыз алушылардың табысы мен кредиттік міндеттемелерін дұрыс бағалауға және банктердің кредиттік тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Сонымен қатар Агенттік банк секторында БЖК есептеудің бірыңғай практикасын қалыптастырып, банктердің төлем қабілетін бағалау тәсілдерін жетілдіруді көздейді. Бұл ішкі скорингтік модельдерді уақтылы жаңартуды және кредиттік портфельдердің сапасын арттыруды қамтиды.
Тексеру нәтижесінде Агенттік анықталған бұзушылықтардың сипаты мен маңыздылығын бағалайды. Қажет болған жағдайда қадағалау шараларын қолдану және банктердің түзету жоспарларын бекіту мәселесі қаралады. Тексеру қорытындылары БЖК есептеу талаптарын жетілдіруге де негіз болады.
БЖК қарыз алушының кредиттер бойынша ай сайынғы төлемдерінің орташа айлық табысына қатынасын көрсетеді. Бұл көрсеткіш азаматтардың борыш жүктемесін шектеуге арналған негізгі реттеуші құралдардың бірі саналады. Оны дұрыс есептеу адамның бұрынғы және жаңа кредиттерін өтеу мүмкіндігін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Агенттік БЖК-ны төмен бағалау банктердің кредиттік тәуекелін және халықтың шамадан тыс қарызға батуы ықтималдығын арттыратынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда АӘК тағайындағанда азаматтардың кредиті мен депозиті ескерілетінін хабарлаған едік.