«Baqytty Вala» байқауы биыл бесінші рет ұйымдастырылып жатыр. Оған әлемнің 5 елінен келген 10-16 жас аралығындағы 20 жасөспірім іріктелді. Бір ерекшелігі - Димаш Құдайбергеннің фанаттары қатысушыларды бөлек марапаттайды.
«Baqytty Вala» - әдемі фестиваль. Уақыт зу етіп өте шықты. Биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Қуанарлығы – әлемнің түкпір-түкпірінде қатысуға ниет білдірген балалар саны артып келеді. Биыл да 250-ден астам өтініш түсті. Олардың арасынан іріктеу жүргізілді. Барлығы 20 баланы тәуілсіз сарапшы таңдады. Бәрі де талантты, жанып тұр. Біздің мақсат – балаларды достастыру, әр елден келген балалардың өнер, білім көкжиегін кеңейту. Бұл жолы әкімдік белгілеген сыйлықтан өзге Димаштың тыңдармандары да сый әзірледі. «Көрермен көзайымы» секілді бірнеше номинация табысталады. Қазылар алқасы мен көрермен ұсынысы ескеріледі»,- деді әділқазылар алқасының мүшесі Қанат Айтбаев. Оның айтуынша, еліміздің өнерлі балалары Димаш Құдайбергеннің назарынан тыс қалмайды. Ол үнемі бақылап, ұнағанын отбасымен бөлісіп отырады.
«Димаш өзі концерттеріне шақырып, сахнаға алып шыққанды жақсы көреді. Балалардың жетістіктерін бақылап, шетелде өнер көрсеткендеріне қуанып отырады. Мейлі ол бұл байқауға қатыспаса да. Видеосын көрсетеді. Жақсы өнер көрсеткен балалардың барлығы да біздің көз қырымызда болады»,- деді Қанат Айтбаев.
Биыл іріктеу кезеңіне Испания, Ұлыбритания, Мәскеу, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Маврикий, Молдова, Корея, Болгария, Германия, Нидерланд елдерінен және Қазақстанның барлық қаласы мен облысынан өтінімдер қабылданды. Қазылар алқасының төрағасы Димаш Құдайбергеннің ұстазы – Марат Әйтімов. Сонымен бірге Қанат Айтбаев, Өзбекстаннан Надежда Голендер, Астанадан Расул Усманов, Рухия Байдүкенова бар.
«Мен Димаш Құдайбергеннің фанатымын. Осы байқауға арнайы келдім. Мен сүйікті әншімнің туған жерін, байқауды көргім келіп еді. Биыл сәті түсті. Бұған дейін Алматыдағы концертінде болдым. Сол кезде Қазақстанға алғаш келген едім. Жалпы өзім әлемнің қай түкпірінде болса да Димаштың концертіне баратын адаммын. Ал туған жері бізге де ыстық»,- деді Димаштың жанкүйері Ксения Заболотникова.