Бәрі ойдан құрастырылған: Шерзат ісіндегі басты айыпталушы осыған дейінгі сөзінен бас тартты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бүгін басты сотталушы Абзал Шынасыл өз жауабын беріп, қылмыс жасалғаннан кейінгі жағдай туралы айтып берді.
Айыпталушының айтуынша, Қонаев қаласына этаппен жөнелту алдында ол бірнеше адаммен өзара келіскен.
— Қонаевқа этаппен кетер кезде Равиль Сакиев, Белғожаев және Азамат Тоқтаубаев үшеуміз алдын ала келісімге келдік. Сакиев «мұны бір адам мойнына алсын, әйтпесе бәрімізге қиын болады» деді. Сол сәтте мен пышақ қолданған адам ретінде қылмысты жасырып жүргендей болмау үшін іштей ойланып, Шерзаттың өлімін мойныма алдым, — деді Абзал.
Оның айтуынша, бастапқы келісім бойынша, Нұрқанаттың жамбасынан табылған пышақты Шыңғыс өз мойнына алады деп келіскен.
— Тергеу барысында біз осы келісім бойынша жауап бердік, — деді сотталушы.
Сотталушының сөзіне сенсек, 2024 жылдың 16 қазанынан бері берген жауаптарының бәрі ойдан құрастырылған.
Мұның алдында Абзал Шынасыл Нұрқанат Ғайыпбаевты үш жерінен пышақтағанын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, Шерзат Полаттың өліміне қатысты 16 мамырдағы сотта тағы бір сотталушы айыптау актісімен келіспейтінін айтқан.
Нұрқияс Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірсе, Азамат Тоқтаубаев өтірік айғақ бергенін растады.
Кәмелетке толмаған тағы бір айыпталушы Думан Ысқақ өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Айта кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөспірім қаза болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.