«Барыс» бес ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтата алды

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 7 қарашада Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді. 

Елордалық команда кейінгі ойындарда сәтсіз өткізіп келеді. Соңғы бес кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан команда турнир кестесінде жағдайын біршама қиындатып алды. Сондықтан бүгінгі матчта олар жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Кездесу барысында қазақстандық команда алғашқы минуттан тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Нәтижесінде 23-минутта Дінмұхамед Қайыржан қақпаны дәл көздесе, Мэйсон Морелли 28-минутта есепті ұлғайта түсті. 

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ойынның 31-минутында ресейлік клубтан Кёртис Волк мергендік танытса, 40-минутта Александр Шаров таразы басын теңестірді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Негізгі кезеңде 2:2 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда елордалық клубтан Тайс Томпсонжеңіс шайбасын соғып кетті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Осылайша «Барыс» қатарынан бес жеңілістен кейін қарсыласын қапы қалдыруға мүмкіндік туды.

Қазақстандық клуб бұдан кейін тағы бір ойынын елордада өткізіп, 9 қарашада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) клубымен шеберлік байқасады.