«Қазақстан Республикасындағы барлық референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды. Учаскелік комиссия дауыстарды санауға кірісті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, референдум учаскелеріндегі дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен 12 сағаттан аспауы тиіс. Аумақтық комиссиялар ертең таңертең Орталық референдум комиссиясын байланыстың электронды арналары арқылы дауыс берудің алдын ала қорытындысы мен санақ нәтижесін хабарлайды», - деді Константин Петров.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беріп жатыр.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:
– Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе ?
Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:
– «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.
Айта кетейік, 20:00-дегі жағдай бойынша 7 820 918 азамат бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 63,87 пайызын құрайды.