АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада «Спартак» (Мәскеу) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық команда соңғы ойындарды сәтсіз өткізіп келеді. Қарсыластарға есе жіберіп, турнир кестесінде төменгі орындарды місе тұтып жүр.
Сол олқылықтың орнын толтыруға тырысқан елордалық хоккейшілер бірден-ақ алға қарай ұмтылды. Кездесудің 17-минутында Никита Михайлис мергендік танытты.
Ал 18-минутта «Спартак» сапынан Шейн Принс таразы басын теңестірсе, 21, 38-минуттарда тағы екі голдың авторы атанды.
Ресейлік клубтан Александр Хохлачёв 41-минутта есепті үстемелей түсті.
Осылайше елордалық клуб қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 28 қарашада Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, «Барыс» мұның алдында елордада «Ак Барс» командасынан жеңілген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.