НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» фин қақпашысы Йони Ортиомен бір жылдық келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат команда сайтына сілтеме жасап.
Йони Ортио 2021 жылдың 30 сәуіріне дейін «Барыс» сапында ойын көрсетеді. Ол бұған дейін 2018/2019 жылғы кезеңде құрлықтық хоккей лигасында Ресейдің «Витязь» (Мәскеу облысы) клубында қақпашы болды. Соңғы уақытта Швейцарияның «Цюрих Лайонс» клубында 29 ойынға қатысты.
Йони Ортио 1991 жылдың 19 сәуірінде Финляндияның Турку қаласында дүниеге келген. Ол Финляндия құрамасына тұрақты түрде шақырту алып тұрады. Сондай-ақ, Ұлттық хоккей лигасында «Калгари Флеймс» клубында 2014-2016 жылдарда ойын көрсетіп қайтты.
Бұдан бұрын «Барыс» құрамына канадалық хоккейші қосылған еді. Сондай-ақ, қақпашы Хенрик Карлсон «Барыс» командасында тағы бір жылға қалатын болды.
Швед хоккейшісі Линус Виделль «Барыспен» келісімшартын бір жылға ұзартты.
Фото: bote.ch
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.