НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» командасының Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойыны қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық команда Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын ертең, 3 қыркүйекте Беларусьте «Динамо» (Минск) клубына қарсы өткізеді.
Аталған ойын елорда уақытымен 19:20-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Барыс» бұдан кейін қатарынан үш ойынды сырт айдында өткізеді. Алдымен 5 қыркүйекте СКА (Санкт-Петербург) командасымен кездессе, келесі кезекте 7 қыркүйекте «Витязь» (Подольск), 9 қыркүйекте «Сочи» командаларымен шеберлік байқасады.
Ал елордада 13 қыркүйекте «Трактор» (Челябинск) командасын қабылдайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының иегері атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.