Бас прокуратура күдікке ілінген Олеся Кексельге қатысты түсінік берді

Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты іске түсінік берді.

- Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ретте, адам азаптауға қатысы дерек тексеріліп жатыр. Жақында сот санкциясымен оған екі айға үйқамақта ұстау шешімі шығарылды, - деді Ғ. Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, биыл шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Олеся Кексель адам азаптауға қатысы бар деген күдікке ілінді.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Бас прокуратураға бір азамат оны тергеушілер өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтып, шағым түсірген болатын. Бұл шағымда сол кездегі Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің де аты аталған.

 

Алайда сол кезде ІІМ бұл істе қылмыстық құрам жоқ деп, тергеуді тоқтатқан еді.