Бас прокурормен сұхбат: олигополиямен күрес, шетелден активтерді қайтару қалай жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрылғанына бес ай болды. 5 айда елге кем дегенде 630 миллиард теңге қайтарылғаны туралы ресми мәлімет тарады. Аталған комиссияның төрағасы, ҚР Бас прокуроры Берік Асылов ҚазАқпарат тілшісіне осы бағыттағы жұмыстардың барысы туралы сұхбат берді.

– Бас прокурор мырза, заңсыз шорғыланған активті мемлекетке қайтару сияқты күрделі шара елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр ғой. Экономикалық актив деген ақша ғана емес, құнды қағаздар да, жер телімдері мен кеніштер, қуат көздері мен ғимараттар да болуы мүмкін. Ондай дүниелерді қайтарудың рәсімі әр түрлі шығар. Осы жұмыстар қалай реттеліп жатыр?

– Комиссия мүшелерінің жұмысын үйлестірумен қатар прокуратура органдары өз бетінше талдау және тексеру шараларын жүргізеді. Ол жұмыстардың нәтижесі де бар.

Атап айтқанда, сот органдарына заңсыз иеліктен шығарылған объектілерді, заңсыз берілген жер телімдерін қайтару туралы 13талап енгізілді. Қадағалау актілері бойынша жалпы кадастрлық құны 5 млрд теңге болатын, жалпы ауданы 140 мың гектардан асатын заңсыз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер телімдері қайтарылды.

Бұдан бөлек, олигополия пайдасына негізсіз шығарылған сот тексерулер қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары активті теріс пайдалану, мемлекеттік мүлік пен бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 12сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Сондай-ақ арнайы прокурорлар олигополия өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеру шарасын жүргізуде.

– Заңсыздыққа жол берілгені дәлелденген істерден нақты мысал келтіре кетсеңіз.

– Мысалы, кеден саласындағы тексеріс кезінде 10 импорттаушы компанияның өзіндеріне берілген артықшылықты пайдаланып, Қытай Халық Республикасынан тауар әкелу нарығын монополиялап алғаны белгілі болды. Соның салдарынан бұл 10 компаниядан басқа кәсіпкерлер өз бетімен тауар әкеле алмайтындай ахуал туындаған. Яғни, осы 10 компания арқылы ғана жұмыс істеуге мәжбүр болған және ондай «қамқорлық» үшін пайдасының көп бөлігін беріп келген.

Аталған 10 компания кедендік төлемдерден жалтару үшін шекарадан өтетін тауарлардың құнын жүйелі түрде төмендетіп, мемлекетке 107 млрд теңгеден астам залал келтірген. Бүгінде ол соманың 57 млрд теңгесі өтелді. Жұмыс жалғасып жатыр.

Бұлардан басқа көлік-логистикалық компания Қытаймен шекарадағы кеден бекеті арқылы тауар тасымалдау нарығын монополиялап алған.

Өзінің үстем жағдайын пайдаланып, картельдік келісім жасасу арқылы қызметтерге жоғары баға белгілеп, 4,3 млрд теңге монополиялық табыс алған.

Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 221-бабымен (монополиялық қызмет) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мұндай мысалдар аз емес.

– Ал ел аумағынан жылыстатылған активтерді қайтару бойынша қандай мемлекеттермен әріптестік орнатып үлгердіңіздер? Ол әріптестіктер нақты нәтиже беріп жатыр деп айта аласыз ба?

– Активтерді қайтару бағытында ел ішінде де, елден тысқары да жұмыс жүргізілуде. Мысалы, комиссия жұмыс істеген бес айдың ішінде мемлекетке жалпы сомасы 630 млрд теңгеден астам залал өтеліп, активтер қайтарылды. Қылмыстық қудалау аясында шетелдік юрисдикциялардан 400 миллионнанастам АҚШ доллары қайтарылды. Атап айтқанда, Лихтенштейннен 170 млн АҚШ доллары, Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен шамамен 3 млн АҚШ доллары қайтарылды. Сондай-ақ, алыс шет елдерден құны шамамен 230 млн доллар болатын зергерлік бұйымдарды қайтаруға мүмкіндік туды.

Сонымен бірге шетелде активтерді сатып алуға болатын барлық қаражат біздің еліміздегі экономикалық қызмет есебінен қалыптасқанын ескеру қажет. Қылмыстық активтерді қайтару жұмыстарын заңсыз әрекеттерді анықтаудан бастау керек екені анық.

Шетелдегі активтерді Қазақстанның пайдасына тәркілеу – айтарлықтай ұзақ процесс. Өйткені шетелдік әріптестеріміз «тыйым салуды сұраймыз» деген бір ауыз хаттың негізінде ғана мүлікке тыйым сала алмайды.

Егер біз жымқыру немесе басқа да предикаттық қылмыс фактісін анықтау, ұрланған қаражатты шетелге шығару, оның ішінде оффшорлық аймақтарға да шығару, ол қаражатты белгілі бір объектінің төлеміне аудару сияқты бүкіл тізбекті дәлелдемесек, кез келген мемлекет мүлікке тыйым салудан да, қайтарудан да бас тартады. Осылайша, алдымен ықтимал заңсыз табыс анықталады. Содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүреді. Бұдан кейін сот шешім шығарады. Сот активтің заңсыздығын мойындап, оны тәркілеу туралы шешім шығарса, сонда ғана Бас прокуратура мүлікке тыйым салу туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жібереді. Бұл өте ауыр және қиын процесс екенін түсіну маңызды.

– БАҚ-та сіз басқарып отырған комиссия «Шапағат» базарын сату кезіндегі заңсыздықтарды анықтағанын жазылған еді. Осы сипаттағы істерге тоқтала кетсеңіз.

– Иә, жекелеген нормативтік құжаттардың олгиполия мүдделеріне «бейімделіп», түрленген жайттары бар. Мысалы, жақында «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ны жекешелендіру туралы Үкімет қаулысының күші жойылды. Бұл құжат нақты бір олигополияның мүддесі үшін шығарылғаны дәлелденді және сотта анықталды.

Активтерді төмен бағамен сатып алудың көптеген мысалдары бар. Алматыда «Барыс-4» ірі көтерме сауда базарындағы мемлекеттік үлес төмендетілген бағамен заңсыз сатылған. Ақыры прокуратураның жекешелендіру шартын жарамсыз деп тану туралы талабы орындалды.

Сондай-ақ Астанадағы «Шапағат» коммуналдық базарын сату кезінде бұзушылықтар анықталды. Сот прокуратураның мәмілені жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырды. Сот актілері заңды күшіне енгеннен кейін бұл объектілер мемлекет меншігіне қайтады.

Басқа да жекешелендірілген объектілер бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру жалғасуда.

Соттардың қарауында 10 млрд теңгеден астам сомаға мүлікті мемлекетке қайтару туралы прокуратураның тағы 10 талабы жатыр.

Аймақтық органдар да белгілі бір адамдардың пайдасына шешім қабылдаған.

Мысалы, Алматы қаласының халықаралық әуежайында сауда дүкендері, барлар мен мейрамханалар аймағын заңсыз сату фактісі анықталды. 2003 жылы Алматы қаласының әкімі болған В.Храпуновтың жеке компанияға 333,7 млн теңгені қолдан жасалған берешектің өтеуі ретінде заңсыз бергені ашылды. Біз сотқа әуежай терминалының ауданы 1601,1 ш.м. болатын үй-жайларына қатысты құқық белгілейтін құжаттарды заңсыз деп тану туралы талап түсірдік.

– Осы аталған ақшалар, активтер қайда түсетінін айта кетсеңіз. Себебі ел ішінде, әлеуметтік желіде активтер бір адамнан тәркіленгенімен, қолы ұзындау екінші адамның меншігіне өтеді деген пікірлер бар.

– Әрине, олай емес. Егер бұрын қайтарылатын актив заңсыз иелікке өткенге дейін мемлекет меншігінде болса, кері қайтарылады. Ал ұлттық компанияның меншігінде болса, ұлттық компанияға беріледі. Мысалға жер учаскелерін алайық. Егер жер бөлу кезіндегі бұзушылықтарды анықтасақ, ондай құжаттардың күшін жойып, мемлекетке қайтарамыз. Бүгінге дейін құны 5 млрд теңге болатын, 140 мың гектардан астам жер мемлекет пайдасына қайтарылғанын жоғарыда айттым.

Тағы бір мысал, олигополия мүддесіне жұмыс істейтін бір өкіл 600-ден астам теміржол тұйықтарын сатып алған. Сатып алу процесі бір қарағанда заңды сияқты болып көрінеді. Үкіметтің қаулысы бар, тендерлік рәсімдер, бағалау және т.б. рәсімдер қағаз жүзінде толық орындалған. Біз мұндайда әрбір рәсімдіпроцедурасы мұқият қараймыз. Бағалаудың қандай әдісі қолданылды, рәсімдер бұзылды ма, тізбектен жеке сегмент саналы түрде шығарылды ма? Осының бәрін ексере келіп, мүлікті заңды иелеріне, яғни «ҚТЖ» ұлттық компаниясына қайтарып бердік.

– Комиссияның аты айбынды болғандықтан ба, халық сіздерден біраз атышулы істер, мәлімдемелер күтіп жүр. Ол үміттер ақталуы мүмкін бе? Келешекте қандай үлкен істердің беті ашылуы мүмкін?

– Заң бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етуге жатпайды. Өйткені белгілі бір адамның айналасында шу шыға қалса, ол бой тасалап үлгеруі мүмкін. Немесе белгілі бір активтерді қайта рәсімдеп,тіпті сатып жіберуі ықтимал. Ондайда іс күрделеніп, созыла түседі. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Қазір деректерді зерттеп, талдап жатырмыз. Тиісті жұмыстар жасалуда, нәтижелері болған кезде біз міндетті түрде хабарлаймыз. Әрбір қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін жұртқа қорытындысы хабарланады.

– Дей тұрғанмен, олигарх атанып жүрген жекелеген адамдарға қатысты шектеулер бар ма?

– Комиссия жұмысында қандай да бір шектеу жоқ. Біз экономикалық ресурстардың тар шеңбердің қолында шоғырлануы тоқтатылғанша және адал бәсекелестік пайда болғанша, жұмыс істейміз. Яғни бұл істі аяғына жеткізбей тоқтамаймыз Жұмыс тұрақты, дәйекті, әділ жүргізіледі.

Қарапайым тілмен айтсақ, актвитерді қайтару деген белгілі бір 50 адамның тізімін жасап алып, соларды қамап, активтерін бұғаттау деген сөз емес. Мемлекет басшысы бізден дәйекті әрі заңды жұмысты талап етіп отыр.

– Сөз арасында бірнеше елден заңсыз актив қайтарыла бастағанын айттыңыз. Бұған дейін құзырлы органдар бұл істе бірнеше мемлекетпен тығыз әріптестік орнатып жатқанын мәлім еткен еді. Солардың ішінде белсенді көмектесіп жатқандары бар ма? Бар болса, ол қай елдер?

– Шетелдегі әріптестермен өзара іс-қимылдың негізі – шарттық база. Бүгінгі таңда 33 елмен қылмыстық-құқықтық салада 70 екіжақты шарт жасалды. Бұл – ұстап беру, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және сотталған адамдарды беру туралы шарттар.

Жақында Кипр Республикасымен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек беру туралы шарттарға қол қойылды. Бұл құжаттар бізге күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсі туралы дәлелдер алуға, соның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа да мүліктерге тыйым салуға және оларды тәркілеуге, сондай-ақ іздеуде жүрген адамдарды жауапқа тарту үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің әріптестерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырып жатырмыз. Биылғы қыркүйекте Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Бас прокурорларының 20-шы отырысы өтті. Онда да қылмыстық активтерді қайтару кезіндегі озық тәжірибелер мен проблемалар талқыланды.

Сонымен қатар БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының көмегімен активтерді қайтару бағытында жұмыс істейтін Еуропадағы «CARIN», Азия мен мұхит елдеріндегі «ARIN-AP», Батыс және Орталық Азиядағы «ARIN-WCA» желілеріне қосылдық. Бұл желілерді прокурорлар мен тергеушілердің бейресми клубыдеуге болады. Оларға мүшелік ету арқылы әлемдегі кез-келген прокурормен тікелей байланыс орнатуға болады.

Аталған шаралардың арқасында халықаралық сұрау салулардың орындалуы жеделдеді. Оффшорлық орталықтардан қажетті дәлелдерді алып жатырмыз.

Сондай-ақ, біздің елдің құқық қорғау органдары әлемнің 166 қаржыны барлау қызметін қамтитын «ЭГМОНТ» тобын белсенді қолдана бастады. Бұл желі жекелеген жағдайларда қысқа мерзімде шетелге шығарылған қылмыстық кірістер, күдікті операциялар және банк шоттары туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Шетелде қылмыстық кірістерді іздеу, оларға тыйым салу және тәркілеу әдістемесін, құқықтық көмек туралы сұрау салудың бірыңғай стандартын әзірледік. Бұл құжаттар Еуропалық Одақтың, АҚШ-тың, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің талаптарына негізделген және оларды БҰҰ мен Дүниежүзілік Банктің сарапшылары мақұлдаған.

- Журналистер тарапынан да, қоғам белсенділері тарапынан комиссия жұмысының жариялылығына байланысты сын айтылып жүр. Сол жɵнiнде не айтар едіңіз?

- Комиссия жұмысының жариялылығы туралы айтатын болсақ, біз әр қадамымызды ашып көрсете алмаймыз. Тексеру іс-шаралары, ақпаратты мұқият талдау және құжаттарды зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар расталған ақпарат болған кезде біз комиссия жұмысының жекелеген нәтижелері туралы жұртшылықты жүйелі түрде хабардар етіп отырмыз

Тергеудің құпиясы, кінәсіздік презумпциясы, яғни адал азаматтардың беделіне мерзімінен бұрын зиян келтірмеуді көздейтін заңнамалық шектеулер бар екенін ескеру қажет.

Сондықтан біз сот шешімдерімен расталған нақты фактілерді ғана жариялап отырамыз.

Комиссияның ресми өкілін тағайындап, веб-сайтын ашудағы мақсатымыз да сол болатын.

- Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңізге табыс тілеймін!