Басқарма мүшелеріне 30 млн теңгеден сыйақы төленгені рас па — «Aqjaiyq» ӘКК түсінік берді

ОРАЛ. KAZINFORM — БАҚ беттерінде «Aqjaiyq» ӘКК» басқармасының бес мүшесіне 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы ретінде 30 млн теңгеден төленген деген мәлімет жарияланды.

Фото: freepik.com

Осыған байланысты Kazinform тілшісі «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ға арнайы сауал жолдаған еді. 

Мекемеден түскен мәліметке қарағанда, іс жүзінде аталған сома тиісті кезеңдегі есептелген төлемдер мен оларға байланысты міндетті салықтар және аударымдардың жиынтық көлемін құрайды. Оның құрамына мыналар кіреді:

  • жалақы;
  • сыйлықақы төлемдері;
  • еңбек демалысына төленетін төлемдер;
  • уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіне төленетін төлемдер;
  • іссапар шығыстары;
  • әлеуметтік пакет шеңберіндегі төлемдер;
  • медициналық сақтандыру;
  • салықтар мен өзге де міндетті төлемдер және аударымдар.

Ал БАҚ беттеріндегі ақпаратта төлемдердің әртүрлі түрлері мен міндетті төлемдер ажыратылмаған, соның салдарынан олардың жалпы сомасы басқарма мүшелеріне төленген тек сыйақы ретінде бұрмаланып көрсетілген.

Сонымен қатар аталған сомалар біржолғы төлемдер немесе басқарма мүшелерінің өздері дербес белгілеген қосымша сыйақы емес. Олар еңбекақы төлеуге, еңбек міндеттерін орындауға және көзделген әлеуметтік кепілдіктерге байланысты шығыстардың жиынтық көлемін білдіреді.

— «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ жалақыны, сыйлықақыларды және өзге де көзделген төлемдерді есептеу мен төлеуді мекеменің қолданыстағы ішкі нормативтік құжаттарына, еңбек заңнамасының талаптарына және басқару органдарының шешімдеріне сәйкес жүзеге асырады. Іс жүзінде бұл сомалар АҚ басшылығына төленген тек сыйлықақы емес, есептелген төлемдердің, жүргізілген төлемдердің және оларға байланысты міндетті салықтар мен аударымдардың жиынтық көлемі болып табылады, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайында толық қайта құру жұмыстары жүргізіле ме, соны жазған едік.