Орал әуежайында толық қайта құру жұмыстары жүргізіле ме

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтетінін, осы артықшылықты пайдалана білу керектігін айтқан еді.

Орал әуежайында толық қайта құру жұмыстары жүргізіле ме
Фото: "Орал халықаралық әуежайы" ЖШС

Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан, Қазақстанның батыс қақпасы болып есептелетін Орал қаласының Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайы заманауи талаптарға сай ма? Әуежай мүмкіндігі қалай пайдаланылып жатыр, онда толық қайта құру жұмыстары жүргізіле ме? Осы мәселеге орай Kazinform тиісті мекемелерге арнайы сауал жолдаған еді.

Орал әуежайы
Фото: "Орал халықаралық әуежайы" ЖШС

«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақовтың мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта Орал халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын толық реконструкциялау жоспарланбаған. Дегенмен, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау және әуе кемесіне отырғызу мен түсіру кезінде, әсіресе, қолайсыз ауа райында, жайлылықты қамтамасыз ету мақсатында телескопиялық траппен жабдықталған жолаушылар галереясын салу жобасы әзірленіп жатыр.

- Күні бүгін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл жұмыстарға «Кульман» ЖШС тартылған, келісімшарт құны – 38,96 млн теңге. Жобаны іске асырудың алдын ала құны шамамен – 1 млрд теңге. Алайда нақты құны жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады. Құрылыс жұмыстарының басталу мерзімі мен ұзақтығы әзірге нақтыланбаған, - деді Е.Досмақов.

«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, мекеме азаматтық авиация саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптары мен халықаралық азаматтық авиация стандарттарын басшылыққа ала отырып жұмыс істейді. Әуежайдың қызметі уәкілетті мемлекеттік органдардың талаптарына сәйкес бақылаудан және бағалаудан өтеді. 2025 жылы әуежай Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан жүргізілген сертификаттық тексеруден сәтті өтіп, әуежай тарихында алғаш рет 3 жыл (оның алдында ең ұзақ сертификат 2 жылға берілген) мерзімге аэродромның жарамдылық сертификатына ие болды.

«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның мәліметі бойынша 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы навигация кезеңінде әуежайдың маршруттық желісі кеңейтілді.

Қазіргі уақытта тұрақты рейстер еліміздің ішінде Алматы, Астана, Түркістан және Ақтаумен екі арада орнатылған. Ал халықаралық бағыттар бойынша ұшақтар Ыстанбұл, Франкфурт, Шарм-эль-Шейх, Пхукет қалаларына қатынайды.

Рейстерді Air Astana, FlyArystan, SCAT, Pegasus Airlines әуе компаниялары орындайды.

Маршруттардың жиілігіне қарай рейстер күнделікті және аптасына бірнеше рет жүзеге асырылады.

«Орал» халықаралық әуежайы» күзгі-қысқы кезеңде әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін және жолаушыларға қызмет көрсетудің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді дайындық жұмыстарын қыркүйек-қазан айларында жүргізді. Қазір де бұл жұмыс жалғасын табуда. Атап айтқанда, ұшу-қону жолағы, рулеждік жолдар мен перронды қардан, мұздан және қар аралас жауын-шашыннан уақтылы тазарту жұмыстары ұйымдастырылған. Сондай-ақ әуеайлақтың арнайы техникасы мен қар тазалау құралдарының қысқы пайдалануға дайындығы қамтамасыз етілуде.

Ұшу-қону жолағының үйкеліс коэффициенті мен жабын жағдайына тұрақты бақылау жүргізіледі. Әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеуге арналған арнайы реагенттер мен материалдардың қоры қалыптастырылды.

Әуеайлақты қардан тазалау техникасы және әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін арнайы техника мен мамандар дайындықтан өткізілді.

- Әуежай қызметтері арасында қысқы кезеңдегі өзара іс-қимыл және төтенше жағдайларға ден қою мәселелері пысықталды. Барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы қолданыстағы нормативтік талаптарына және ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Әуежайдың инфрақұрылымы мен өндірістік қызметі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, - делінген ведомство ұсынған ақпаратта.

Орал қаласының тұрғыны Жанар Мағзомованың айтуынша, бұдан оншақты жыл бұрын әуежайдың ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткізілді. Содан кейін ғимарат қайта салынды. Әйтсе де жолаушылар үшін қолайсыздық толықтай жойылған жоқ.

- Басқа қалаларда әуежайларда қосымша телескопиялық трап орнатылған. Яғни жолаушылар терминал ғимаратынан трап арқылы ұшаққа тікелей өтеді. Ал Оралда адамдарды әуе кемесіне, одан терминалға дейін автобуспен тасымалдайды. Бұл, әрине, кім-кім үшін де ыңғайсыз. О баста мұны бірден ойластырғанда, дұрыс болатын еді, - дейді Ж.Мағзомова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайының ұшу-қонағы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ Көлік министрлігі Орал әуежайын жаңғырту үшін бірқатар нақты міндет жүктеді.