АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер баспанасы суға кеткен кезде үйлеріне кірмей, сырттан кеткен комиссия мүшелеріне ренішті. Олар арнайы резеңке етік дайындап, бақылауға келген адамдардың жағдайын жасап қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Су тасқыны кезінде жалғыз баспанасынан айырылған ақтөбеліктер арнайы бекеттерге орналастырылып, жатын орынмен, тамақпен, киіммен қамтамасыз етілді. Бірақ ел көңілі алаң. Олар күндіз үйлерін қарау үшін бау-бақшаны жағалайды. Бәрі резеңке етік сатып алған. Себебі, су басып, балшыққа айналған жерге кіру мүмкін емес.
«Бізге саяжай деп қырын қарайды. Бірақ бәрімізде жер туралы акті, құжаттарымыз бар. Үнемі шеттетеді. Көшіп келген кезде жарығын, газын жүргізіп алдық. Ал биыл жалғыз баспанамыз суға кетті. Көмек керек бізге»,- деді Махамбетовка ауылының тұрғыны Гүлбаршын Қамысбаева.
Қазір баспанасын су басқан адамдар қаладағы жалдамалы пәтердің, базардағы резеңке етіктің бағасы қымбаттап кетті деп шағым айтып жатыр.
«Үйіміздегі заттардың жағдайын біле алмай, күндеріміз ұйқысыз өтіп жатыр. Жығылғанның үстіне жұдырық демекші, базардағы резеңке етіктер де қымбаттады. Бұрын 5 мың теңге еді, қазір бағасы 10 мыңға көтерілді. Не деген масқара?»,- деді Айдын Үсенбаева.
Еске салсақ, бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы су басқан жерлерді қарап, үйлердің жағдайымен танысты . Кейін баспанасын су басқан қарапайым халықпен кездесу үшін мектептерге барып, жағдайларын білді.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.