Басшылық бақылауында: Алматы полициясы Ақнар өліміне байланысты тергеу жүргізіп жатыр

Фото: Фото: kursiv.media

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы былтыр қайтыс болған жас қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады.

2024 жылдың шілде айында Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінде 7-қабаттан құлап Ақнар Гүлстан мерт болды. Марқұмның анасы қызының биіктен өздігінен секіріп кетпегенін, ол кісі қолынан қайтыс болғанын айтып бірнеше рет мәлімдеме жасады. Бұл оқиғаны қазақстандықтар биыл әлеуметтік желіде қызу талқылай бастады.

Бүгін Алматы қаласының полиция департаменті жұмбақ жағдайда қайтыс болған қыздың өліміне байланысты жан-жақты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

— Қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы өткен жылдың шілде айында Алматы тұрғынының өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талдануда, куәлардан жауап алынуда, бейнежазбалар зерделенуде, заңда көзделген басқа да процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылып жатыр, — деп мәлімдеді департаменттен.

Сонымен қатар полиция мәліметінше, тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.

— Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптамалардың нәтижелерін алғаннан кейін және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданатын болады, — делінген полиция мәлімдемесінде.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты. Одан кейін Алматы облысының прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.