Бастауыш мектептегі оқушының бір күнгі оқулығының салмағы 1,5-2 келіден аспауы керек - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бастауыш мектептегі оқушының бір күнгі оқулығының салмағы 1,5-2 келіден аспауы керек. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету проблемалары мен шешімдері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«1-4 сыныптарға арналған оқулықтың салмағы 300 грамнан, 5-6 сынып оқулықтары 400 грамнан, ал 7-10 сыныптар оқулығы 500 грамнан аспауы керек. Ал 11 сыныптарға арналған оқулықтың салмағы алты жүз грамнан аспауы шарт. Бұған қосымша, бір оқушының бір күнге арналған оқулықтарының салмағы бастауыш мектепте 1,5-2 келіден аспауы керек. Ал сегізінші, тоғызыншы сыныптарда төрт келіден аспауы тиіс», деді Аслан Сәрінжіпов.

Өз кезегінде Санитарлық-эпидемологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин былтырғы жылы 3-10 сыныптардың оқулықтары осы мәселелер бойынша толықтай теріс қорытындыға ие болғанын алға тартады. «Физика, алгебра, биология пәндерінің оқулығы санитарлық талаптарға сай емес, бұлардың салмағы артып кеткендіктен біз бір оқулықты екіге бөлуді ұсындық. Бір күндік сабақ кестесінің оқулықтары 1-3 сыныптар үшін 2 келіден аспауы керек. 8-9 сыныптардың бір күндік оқулығы 4,5 келіден аспауы шарт еді. Қазіргі уақытта бұлай болмай отыр», деді Ж. Бекшин.