«Батыс Филиппин теңізі» Google картасына енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Google Maps бұған дейін «Оңтүстік Қытай теңізі» аталып келген су айдынының бір бөлігін енді «Батыс Филиппин теңізі» деп көрсете бастады.
Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Филиппин Парламенті Өкілдер палатасының спикері Мартин Ромуальдес 15 сәуір күні Google картасында елдің батысындағы теңіз айдынының «Батыс Филиппин теңізі» деп белгілене бастағанын мәлімдеді. Ол сырт көзге елеусіз болып көрінетін бұл өзгерістің шын мәнінде халықаралық қауымдастықтың аталған теңіз айдынын «Филиппинге тәуелді экономикалық аймақтың бір бөлігі ретінде мойындай бастағанын білдіреді» деп атады.
— Миллиардтаған халық қолданатын Google картасында Батыс Филиппин теңізінің дұрыс әрі біріңғай белгіленуі — филиппиндіктер үшін маңызды әрі сүйінішті жаңалық, — деді спикер.
Оның атап өтуінше, бұл Филиппиннің айрықша экономикалық аймақтағы су айдынына қатысты егемендік құқығының халықаралық қауымдастық тарапынан мойындала бастағанын білдіреді.
— Бұл біздің келесі дәйекті ұстанымымызды қуаттай түседі: аталған теңіз айдыны — Филиппин аумағының ажырамас бөлігі; әлемнің барлық елі біздің егемендік құқығымызды құрметтеуге тиіс, — деді Ромуальдес.
Ромуальдестің осы мәлімдемесі жарияланғанға дейін-ақ ақпарат көздері Google картасында Филиппин аралдарының батысындағы теңіз айдынының атауы жаңартылғанын байқап үлгерген. Бұған дейін бұл аймақ «Оңтүстік Қытай теңізі» деп көрсетілсе, енді «Батыс Филиппин теңізі» болып тұр.
Осы мәселеге орай, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь 15 сәуір күні өткен баспасөз мәслихатында пікір білдірді.
— Оңтүстік Қытай теңізі — халықаралық қауымдастық ұзақ уақыттан бері пайдаланып келе жатқан және жалпыға ортақ географиялық атау. Бұл атау әлем елдері мен БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар тарапынан жаппай мойындалған, — деп қысқа қайырды Линь Цзянь.
Бұған дейін Қытайдың Харбин қалалық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының кибершабуыл ұйымдастыру мен құпия ақпараттарды ұрлауға қатысы бар деген күдікпен АҚШ-тың арнайы агенттеріне іздеу жариялағанын жазған едік.