Батыс Қазақстан облысында 25 адамның қызылшамен ауырғаны расталды

Фото: freepik.com

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қаңтар – 3 ақпан аралығында 29 адам қызылшамен ауырды деген күдікпен тіркелді.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың мәлім еткеніндей, соның ішінде 25-і зертханалық жолмен расталды. Қалғандары тексеріліп жатыр. 

Динара Олжабайқызының сөзіне қарағанда, соның 16-сы – Орал қаласы, төртеуі – Бөрлі, төртеуі – Бәйтерек, біреуі Казталов ауданының үлесіне тиеді.

– Сырқаттанғандардың 24-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ екеуі – бір жасқа толмағандар. 16-17 жастағылар – 2, ересектер арасында – 1 адам. Қызылша – жедел жұқпалы ауру. Онымен ауырған кезде дене температурасы 38-40 °C-қа дейін көтеріліп, жалпы интоксикацияға ұласып, көздің шырышты қабығы, мұрын-жұтқыншақ және жоғары тыныс жолдары қабынады. Сондай-ақ бөртпелер пайда болып, жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы байқалады, - деді Д. Жаңабергенова.

Оның айтуынша, инфекцияның көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшылы жолмен таралады: түшкіру, жөтелу, сөйлесу кезінде бөлінетін сілекей тамшылары арқылы жұғады. Ауа ағынымен вирус едәуір қашықтыққа таралуы мүмкін. Қызылшамен ауырған науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алу кезінде де жұқтыру қаупі бар. Егер адам бұрын қызылшамен ауырмаған және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, науқаспен байланыста болған жағдайда жұқтыру қаупі 100 пайызға жуық.

Маманның мәлімдеуінше, қызылша кезінде ауыр асқынулар болуы мүмкін. Бұған өкпенің қабынуы (пневмония), ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), кейбір жағдайларда мидың қабынуы (энцефалит) жатады. Қызылшамен ауырып жазылғаннан кейін 2 айға дейін иммунитеттің төмендеуі байқалатынын ескеру қажет. Осы кезеңде бала жиі суық тию немесе вирустық аурулармен ауыруы мүмкін, сондықтан оны шамадан тыс жүктемеден және мүмкіндігінше науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау ұсынылады.

– Аурудан сенімді қорғанудың жалғыз жолы – Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация. Сондықтан ата-аналар балаларының қызылшаға қарсы егілген-егілмегенін тексеріп, вакцинация болмаған жағдайда профилактикалық екпе алу қажет. Аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда дереу дәрігерге қаралып, тексеруден өту керек. Дәрігердің барлық нұсқауын орындап, барлық сақтық, алдын алу шараларын ұмытпау маңызды, - деп қосты департамент басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын маманның тұмаудың соңы өлім-жітімге соқтыруы мүмкін екені жөнінде айтқанын жазған едік.