Батыс Қазақстан облысында 350-ге жуық адам эвакуацияланды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында екі ауылда 349 адам эвакуацияланды. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Теректі ауданы Аңқаты ауылында үйлерін су басқан 68 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілді.
Фото: БҚО ТЖД
Сондай-ақ Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында 281 адам мектепке эвакуацияланды.
Фото: БҚО ТЖД
«Қазіргі уақытта су тасқынының алдын алу жұмыстарына ТЖ департаментінен және жергілікті атқарушы органдардан 659 адам, 208 техника және 123 мотопомпа тартылған. Облыс бойынша 25 наурыздан бері 214 мың текше метр қар суы сорылып, тасқын суды бөгеу үшін инертті материалдармен 12 065 қап салынды. Қардың қарқынды еріп, жауын-шашынның мол түсуі және кәріздегі ағынды сулардың салдарынан өңірде барлығы 160 тұрғын үйге, 5 көпқабатты тұрғын үйдің, 17 әлеуметтік нысанның жертөлелеріне су кірді», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысы Қоржын ауылында үйлер су астында қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).