ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы 1 қазаннан бері 62 885 адамның жедел респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанғаны белгілі болды.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық кезеңмен (77 928) салыстырғанда, 19,6 пайызға кем.
Ауырғандардың 44 920-сы – 14 жасқа дейінгі балалар. 785-і – 1 жасқа дейінгі сәбилер. 136-сы – жүкті әйелдер.
Департамент деректеріне қарағанда, 1 қазаннан бері 189 адам тұмауға шалдықса, соның 188-інен А типінің H3N2 вирусы (гонконг тұмауы) анықталған. Сонымен қатар жуырда 1 адамның А типінің H1N1 түрін (шошқа тұмауы) жұқтырғаны тіркелді. Аурушаңдылық 2,8 есеге өсіп отыр.
Солардың ішінде басым көпшілігі немесе 135-і – 14 жасқа дейінгілер, 16-сы – жүкті әйелдер.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұмауға қарсы әрбір адам үшін, әсіресе, балалар мен жүкті әйелдер үшін вакцина алудың маңыздылығын еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да гонконг тұмауымен ауырғандар саны 3,5 есеге өскенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).