Батыс Қазақстанда 24 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында нақты жұмыстар атқарылып келеді.
БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Асан Нарымбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес өңірде экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 356 845 болса, соның 250 669-ы — жалдамалы қызметкерлер, 89 262-сі — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 16 914-і — жұмыссыздар.
Асан Маратұлының сөзіне қарағанда, жалпы жұмыссыздық деңгейі — 4,7 пайыз, жастар — 3,6 пайыз, әйелдер арасында — 5,4, ауыл халқында — 4,9 пайыз.
— Биыл өңірде 113 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 24 506 (18 498-і — тұрақты, 6 008-і — уақытша) адам жұмысқа орналасты. Соның ішінде өңірлік карта аясында 108 жобаны мердігер мекемелермен іске асыру арқылы жоспардағы 811-дің орнына 884 адам еңбек орнын тапты. Сөйтіп жоспар 109 пайызға орындалды. Сондай-ақ «Халықтың әрбір 10 мың адамына 100 жаңа жұмыс орнын құру» индикаторы бойынша жеке кәсіпкерліктер мен шаруа қожалықтары 7 537 жаңа жұмыс орнын ашты. Оған қоса 21 549 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданды, — деді Асан Нарымбаев.
Оның нақтылауынша, кәсіптік оқытумен барлығы 2 695 адам қамтылды. Ал кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу бағыты бойынша 3 436 адам тартылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 5 290 адам жолданды. Сонымен қатар жұмыс берушілер мәлімдеген бос жұмыс орындарына 10 125 адам орналасты.
Басқарма мәліметі бойынша «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы (www.enbek.kz) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтиды. Республика бойынша бос жұмыс орындар және ізденушілер туралы ақпарат күн сайын жаңартылады. Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) арқылы жұмыс іздеп жүрген кез келген адам өзінің электрондық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» және «Жұмыссыздарды тіркеу» мемлекеттік қызметі проактивті түрде ала алады.
— Жұмыссыздарды тіркеу қызметі толық автоматтандырылған. Жүйе жұмыс іздеушіге лайықты жұмысты таңдауға мүмкіндік береді. Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін азаматтар электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн режимде жұмыссыз қалған жағдайда төленетін төлем алу үшін өтінім жібере алады. Оған қоса мемлекеттен субсидияланатын уақытша жұмыс орындарын — жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстағы бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушілерге өз түйіндемесін жібере алады, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысына қандастардың көпшілігі Ресейден көшіп келгенін жазған едік.