Батыс Қазақстанда 28 су қоймасының 20-сы талапқа сай келмейді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында коммуналдық меншіктегі 28 гидротехникалық құрылымның 20-сы қанағаттанарлықсыз деп танылды.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашевтің өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта 14 су қоймасын реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.
Марат Төлеғалиұлының сөзіне қарағанда, 2024 жылы облыстық бюджеттен Ақжайық ауданы Солянка өзеніндегі Ақжайық су қоймасын және Бөкей ордасындағы Мұратсай су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаражат бөлініп, келісімшарт жасалды (жобалардың жалпы құны — 55,8 млн теңге, 2024 жылға 2 млн теңге).
— Жалпы құны 431,722 млн теңгеге Теректі ауданындағы 9 су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жоспарлануда. Жобалаушылар — «Уралводпроект» және «Тека-проект» ЖШС. 8 су қоймасының реконструкциясына ЖСҚ әзірлеу көзделген, — дейді М.Молдашев.
Оның айтуынша, ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында облыста гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару үшін «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Штат саны 39 болса, күні бүгінге дейін 19 адам жұмысқа қабылданды, соның ішінде аудан орталықтарында 6 учаске бастығы бар. 2024 жылға мекеме қызметіне 36,824 млн теңге берілді.
— Қазіргі уақытта мекемеге мамандарды жұмысқа алу, материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық коммуналдық меншіктен мекеме теңгеріміне гидротехникалық құрылымдарды табыстау жұмыстары жүргізілуде. Осы кезге дейін Жәнібек ауданындағы 11, Бөрлідегі 3, Сырымдағы 1, Ақжайықтағы 18, барлығы 33 нысан мекеме теңгеріміне берілді. Қалған аудандарда, атап айтсақ, Теректі, Жаңақала, Казталов, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Бәйтеректе нысандардың құжаттарын сәйкестендіру жұмыстары аяқталғаннан кейін мекеме теңгеріміне қабылданатын болады, — дейді басқарма басшысы.
Оның келтірген мәліметіне қарағанда, 2024 жылы 58 млн теңгеге 8 су қоймасына көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізілген. 2025 жылы 9 су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізуге 102,270 млн теңге қарастырылды.
Ақжайық ауданы Азнабай-Тайпақ каналын реконструкциялау жобасы аясында Аяқ су қоймасын қайта құру жұмыстары жүргізілуде (193,4 млн теңге).
Бәйтерек ауданы Малая Быковка өзеніндегі Чиров ауылы тұсындағы су қоймасы бөгетінің реконструкциясына 78,5 млн теңге бөлінді, келісімшарт жасалды (жоба құны 156 млн теңге, мердігер — «СМУ117» ЖШС).
Бөкей ордасы ауданы Мұратсай су қоймасы бөгетін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуда (37 млн тенге).
— Биыл көктемгі су тасқыны кезеңінде бұзылған 6 нысанды ағымдағы жөндеуге 382,3 млн теңге бөлінді (Ұзынкөл — 151,8 млн теңге, Кемер — 92,6 млн теңге, Жаңаөмір — 81,8 млн теңге, Бөрлі ауданындағы Успен және Бесағаш). Демеушілер есебінен Бәйтерек ауданы Шалғай ауылындағы Фрегат тоғанында жөндеу жұмыстары аяқталды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорынан 2,9 млрд теңгеге 16 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Үнемделген қаражат есебінен 99,1 млн теңгеге Бәйтерек ауданындағы қосымша 3 бөгет ретке келтірілетін болады. Қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы — 37,1 км, — деді М.Молдашев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда биылғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін бе екенін жазған болатынбыз.