Батыс Қазақстанда биылғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін бе
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биыл көктемде бес ауданда және Оралда саяжайларды тасқын су басып, орасан зор шығын келгені мәлім. Алдағы жылы көктемде жағдай қалай болмақ? Су тасқынына дайындық жұмыстары қандай деңгейде? Өткеннен сабақ алынды ма? Kazinform тілшісі жауапты адамдарға жолығып, мәселені сараптап көрді.
Облыс бойынша атқарылған жұмыс қандай?
БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, су тасқынына дайындық барысында Жол картасы, инженерлік жұмыстар жоспары аясында және «Демеу» қорының қаражаты есебінен 112 іс-шара жоспарланса, соның 70-і орындалған.
Қалияр Шадиярұлының сөзіне қарағанда, 37 іс-шара бойынша құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қалған бесеуі бойынша 2025 жылы жалғасады.
— Сондай-ақ су тасқыны салдарынан бұзылған 6 су нысаны (Жаңа өмір, Бесағаш, Успен, Фрегат, Ұзынкөл, Кемер) қалпына келтірілді. Оған қоса 3 су қоймасында (Чиров, Аяқ, Мұратсай) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың су тасқыны қаупі бар 2 өзенінде санация жүргізу жоспарлануда. Деркөл өзені бойынша (Тасқала ауылы шегінде, құрылыс-монтаж жұмыстары — 600 млн теңге) жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде, Шыңғырлау өзені бойынша (11 км іріктеп, 22 млн теңге бөлінді) жоба әзірленуде, — дейді Қ.Айтмұхамбетов.
Әкім орынбасарының айтуынша, су деңгейінің мониторингін дамыту үшін су тасқыны кезеңіне дейін 7 жаңа гидробекет («Қазгидромет» теңгерімінде, облыста барлығы 22), 3 үлкен өзенде (Жайық, Шаған, Деркөл) жасанды интелектті қолдана отырып, 3 автоматтандырылған су тасқыны қаупін алдын ала анықтау жүйесі орнатылатын болады.
Қазіргі таңда жоспар аясында 89 км қорғаныс бөгеттері, 9 км су бұру каналдары, 93 км арықтар салынып, елді мекендердің ішінде 522 метр су өткізу құбырлары орнатылды. 74 км магистралды каналдар тазартылып, Көшім өзенінде 1 км тереңдету жұмыстары жүргізілді.
Жалпы алғанда 2024 жылы су тасқынына қарсы іс-шараларға 5,9 млрд теңге қарастырылды (инженерлік жұмыстар жоспары — 2,1 млрд теңге, жол картасы — 234,6 млн теңге, «Демеу» қоры — 2,9 млрд теңге, гидротехникалық құрылыс — 635,6 млн теңге).
— «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорынан 2,9 млрд теңгеге ауылдар маңындағы 19 қорғаныс бөгетін (дамба) қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қаратөбе ауданында 1 (Қоржын ауылы), Теректіде 1 (Подстепный), Сырымда 1 (Жымпиты), Бәйтеректе 16 (Ақсу, Байқоныс, Дарьинск, Жайық, Құрманғазы, Кирсанов, Красноармейск, Озерный, Рубежин, Спартак, Щапов, Янайкин, Январцев, Володар, Үлкен Шаған және Кіші Шаған) бөгет нығайтылуда. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмысы ерекше бақылауда, — деді Қ.Айтмұхамбетов.
Су қоймаларындағы жағдай
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовтың айтуынша, мекеме мемлекетаралық маңызы бар Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су шаруашылығы құрылыстарын, Жәнібек суландыру-суару жүйесін, өңіраралық маңызы бар Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесін, Шаған трансшекаралық өзеніндегі Шаған су қоймасын пайдалануды жүзеге асырады.
Филиал теңгерімінде 14 су қоймасы, 4 су торабы, екі сорғы стансасы, елу ірі гидротехникалық ғимарат, 1057 км магистралды және таратушы каналдар мен 26 өндірістік және қызметтік ғимарат бар. Қазсушар филиалы суару-суландыру жүйелерімен қоса, 3 топтық су құбырын пайдаланады:
- Камен топтық су құбыры 1982 жылы пайдалануға берілді.
Су Орал қаласынан оңтүстікке қарай 30-35 км жердегі Серебряков жер асты суларының кен орнынан алынады. Пайдаланылатын магистралды және ауылішілік су құбырларының ұзындығы — 307,414 км. Ауыз су жалпы саны 25 052 адам болатын Бәйтерек ауданы мен Орал қаласының 18 ауылдық елді мекеніне беріледі. - Орда топтық су құбыры 1994 жылы іске қосылды.
Су Орал қаласынан оңтүстікке қарай 600 км жердегі Орда жер асты суларының кен орнынан алынады. Мұндағы су құбырларының ұзындығы — 201,8 км. Ауыз су Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданының 9 ауылдық елді мекеніне (жалпы саны 15 358 адам) беріледі. - Жаңақала топтық су құбыры 2018 жылдан бері қолданыста. Су құбырларының ұзындығы — 400,63 км. Жаңақала және Казталов аудандарының 9 ауылдық елді мекеніне (17 027 адам) қызмет көрсетеді.
— Көктемгі су тасқынына келсек, бұған дейін суы тобықтан келген Жайық өзені биылғы жылы бұрынғы күшін көрсеткені баршаға мәлім. Құрғап қалған Жайықтың жайылмалары суға толды. Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің су жіберу құрылысы биыл, отыз жылдан кейін алғаш рет, жүйеге секундына 150,0 текше метр су қабылдады. Сондай-ақ отыз жылдан кейін алғаш рет үлкен су көлемінің түсуіне байланысты жүйенің су жіберу имараты арқылы артық су Жайық өзеніне лақтырылды, — дейді Ш. Ермағамбетов.
Оның келтірген мәліметіне қарағанда, Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне 749,2 млн текше метр су алынды, оның ішінде су тасқыны кезеңінде — 553,0 млн текше метр. 68,0 мың га алқаптағы лимандарға су шығарылып, Көшім өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдерді сумен жабдықтау қамтамасыз етілді. Оған қоса Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі су қоймаларының каскады жобалық көлемге дейін толтырылды.
Сонымен қатар Қараөзен және Сарыөзендегі су қоймаларын толтыруға, 54,0 мың га алқаптағы лимандарға су шығаруға, Қамыс-Самар көлдерін суландыруға 500,0 млн текше метр көлемінде су тасқыны ағыны алынды.
— Әрине, Жайықтың бұлайша аса қарқынды тасуы қуанышымен қатар зардап та шектірді. Круглоозерный ауылының маңынан бастауын алатын Шаған тармағының бөгеті су астында қалып, бөгеттен асқан су Жайық өзеніне құйылды. Жоғары су тасқыны нәтижесінде Жайық және Шаған өзендері бойындағы саяжайлар суға кетті, Жайық-Көшім суару-суландыру жүйелері магистральдық арналарының бөгеттері шайылды. Қазіргі таңда филиал теңгеріміндегі бөгеттер қалпына келтірілді, — дейді бас гидротехник.
2024 жылғы жөндеу жұмыстарына 477,9 млн теңге, соның ішінде 127,9 млн теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылды. Филиалдың өз қаражаты есебінен 350 млн теңге, соның ішінде көктемгі су тасқынынымен зардап келген гидротехникалық имараттарды қалпына келтіруге 63,1 млн теңге бөлінді. Күні бүгін бұл жұмыстар 87 пайызға орындалған.
Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймаларының гидротехникалық құрылыстарына көпфакторлы тексеру жүргізілді. Орындаушы — «Гормонтажпроект» ЖШС (Қарағанды қаласы).
Алдағы су тасқынынан өтуге дайындық барысында пайдалану ережелеріне сәйкес 24-28 қазан аралығында Шаған су қоймасы судан босатылып, қысқы пайдалану режиміне ауыстырылды. Осындай тәртіппен Шолақаңқаты, Сұлусай су қоймалары да судан босатылды.
Биылғы 26 қарашадағы мәлімет бойынша Жайық-Көшім су қоймалары 46,8, Сарыөзен су қоймалары 88,6, Қараөзен су қоймалары 41,29 пайызға толтырылған. Өткен айда филиал теңгеріміндегі барлық су нысандарына дайындық төлқұжаттары толтырылып, тексерістен өткізілді.
— Қазсушар филиалы су қоймаларының төлқұжаты мен пайдалану ережесін бекіткен, бас су торабы арқылы су тасқынын өткізу тәртібі жасақталған. Бүкіл суландыру жүйесі бойынша мелиоративтік су алуға арнайы су пайдалану рұқсаты рәсімделген. Су тасқынын апатсыз өткізудің басты мақсаты — жылдың кез келген мезгіліне қарамастан тұрғындарды, әлеуметтік және өндірістік нысандарды тасқын судан қорғау. Төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарды хабардар ету бойынша Пятимар, Дөңгелек, Бітік, 1-Казталов, 2-Казталов және Рыбный Сакрыл су қоймаларында сиреналық құлақтандыру қондырғылары орнатылған. Су қоймаларының 2025 жылғы су тасқынына әзірлігі туралы акт жасақталды, — дейді Ш. Ермағамбетов.
Оның түсіндіруінше, су шаруашылығы нысандарының жұмыс істеуі мен жай-күйін филиалдың желілік инженерлік-техникалық қызметкерлері мен бас мамандары тұрақты қадағалайды. Барлық су қоймаларында және 4 су торабында гидрометриялық бекеттер бар, бақылау күн сайын жүргізіледі.
— Күні бүгін кәсіпорынның жұмысы штаттық режимде, елді мекендерге Камен, Орда және Жаңақала топтық су құбырлары арқылы сапалы ауыз су берілуде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сумен қамтылған, су шаруашылығы нысандары аймағында санитариялық-экологиялық ахуал талапқа сай, — деді Шынболат Ермағамбетов.
Орал қаласы тасқынға дайын ба?
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев қазіргі таңда өзен бойындағы бірқатар аудандарда, төмен орналасқан жерлерде бөгетті биіктету, кеңейту жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Атап айтқанда, облыстық экологиялық-биологиялық орталықтан бастап қалалық мәдениет және демалыс саябағына дейінгі аумақта биіктігі 3-4 метрге дейін бөгет нығайтылып жатыр.
Сол секілді Жәңгір хан көшесінен бастап № 39 маршруттың соңғы аялдамасына дейінгі аумақта әрбір жаңа қабат топырақпен барынша нығыздалып, бұрыннан бар бөгет тағы 1-1,5 метрге дейін көтерілуде.
Облыстық көпбейінді аурухана ауданында арнайы техника үшін қолжетімді жерлерді топырақпен толтыру-нығыздау жұмысы жүргізілуде. Техника кіре алмайтын учаскелерге қапшықтар салынады.
— Перевалочно-Набережная көшесінің бойында да осындай жұмыстар атқарылуда. Зачаган кентінің «Коминтерн» шағын ауданында бөгет 2,5 метрге дейін биіктетіліп, ені 3 метрге дейін кеңейтілуде. Деркөл кентінің Өскен ауылында өзеннің арнасынан асып, тұрғын үй алаптарын су басуына жол бермеу үшін биіктігі 1,5-2 метрге дейін жететін бөгет салынуда. Деркөлдегі «Нива» аспалы көпірі ауданында топырақты толтыру әдісімен бөгет тұрғызылуда. Орал құю-механикалық зауытының артында Деркөл өзенінің бойында биіктігі 1,5-2 метрге дейінгі бөгет құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «Шойын көпір» ауданындағы аумақта екі жағынан ұзындығы 250 метр бөгет салынып жатыр, — дейді Ж.Дүйсенғалиев.
Қала әкімінің орынбасары шаһар аумағында 150 шақырымнан астам арық жүйесі бар екендігін айтты. Биыл тұрғын үй алаптарын еріген қар, жаңбыр суының басуын болдырмау мақсатында қалада жалпы ұзындығы 35 шақырымнан астам арық жүйесі салынды.
Зачаган кентінде Саялы, Көшім, Құлагер, Б.Аманшин, Жалын, С. Айтқұлов, Шолан батыр, Ақан сері көшелерінде ұзындығы 2 шақырым арық жүйесі аяқталды. Сонымен қатар аталған көшелерге 500, 800 мм көлеміндегі су өткізу құбырлары, ал «Ақжайық» шағын ауданында 22 шақырымнан астам арық жүйесі салынуда.
Деркөл кентінің Сарыарқа шағынауданында биыл ұзындығы 5,26 шақырым, Круглоозерный кентінің Бөгенбай батыр, Серпер көшелерінде 700 метр арық орнатылды. Оған қоса 10-шағынауданда жалпы ұзындығы 5,6 шақырым арық іске қосылды.
Ж.Дүйсенғалиевтің нақтылауынша, алдағы көктемде су тасқыны бола қалған жағдайда онымен күреске 400-дей техника дайын. Оның ішінде 30 су сорғыш, 40 инженерлік техника, 150 жүк көлік, 50 жеңіл көлік, 72 трактор, 30 мотопомпа және 30 эвакуациялаушы техника бар.
Су тасқынымен күреске тартылатын жеке құрам саны — 824 адам. 100 мың қапшық әзір, қажет болып жатса, қосымша алынады. Резервте 5 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы бар.
Орал қаласында төтенше жағдай болған жағдайда тұрғындарды эвакуациялық пунктерге орналастыру бойынша тізім жасақталды. 10 эвакуациялық пункте 2 500 орын бар. Қосымша қала аумағындағы мектептердің спорт залдары, спорт кешендері және мәдениет үйлерінде 2 500 адамды орналастыруға мүмкіндік бар.
Барлығы — 5 мың орын. Эвакуацияланатын тұрғындарды орналастыру үшін барлық қажетті төсек-орын дайын. 2024 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңінде эвакуациялық пунктерге бас-аяғы 3 300 адам орналасқан болатын.
Эвакуацияланатын тұрғындарды тасымалдау, ыстық тамақ пен бірінші қажетті керек тауарлармен қамтамасыз ету үшін бизнес нысандарымен ниетшарт жасалды.
— Орал қаласы аумағында 150-ден астам саяжай бірлестігі бар. Биылғы су тасқыны салдарынан үйлері суға кеткен саяжай тұрғындары жаңа баспанаға қол жеткізді. Қазір саяжайда тұрып жатқан отбасылардың саны едәуір азайды. Комиссияның шешіміне сәйкес үй ала алмаған бірқатар отбасы саяжайда қыс мезгілінде тұрып жатыр. Оларға қазір қала әкімдігімен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, ескерту таратылып жатыр, — деп түйіндеді сөзін Ж.Дүйсенғалиев.
Күні бүгінге дейін 23 саяжай бірлестігінде қысқы мезгілде тұратын 150-дей отбасыға хабарлама берілген. Бұл жұмыс көктемге дейін жалғасады.
— Саяжайдағы үйі суға кеткен тұрғындардың бірі едім. Алайда кезінде ауылда тұрған үйімді ініме бергеніммен, өз атағымда қалып қойған. Соның құжаттарын соттың шешімімен ретке келтіріп, Орал қаласы әкімдігіне тапсырдым. Қаладан бір пәтерді таңдап, бағасына келістік. Енді демеуші компания қаржысын аударған бойда баспанаға қол жеткізбекшімін. Ал «Энергетика» бау-бақша серіктестігінде тұрған үйім сүріліп тасталады. Саяжайда тұрудың қауіпті екендігіне көз жеткіздік, — дейді Орал қаласының тұрғыны Қайырлы Бекқалиев.
Өңірдің алдағы көктемгі су тасқынына дайындығы жөнінде деректер келтірдік. Тасқынның қаншалықты болатындығы табиғатқа да байланысты. Биыл қараша айында жаңбыр жиірек жауып, топырақтағы ылғал қоры молайды.
Қазгидромет мәліметіне қарағанда, желтоқсан және ақпан айларында Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болмақ. Ал қаңтар айында Батыс Қазақстан облысының едәуір бөлігінде жауын-шашын қалыптағыдан аз түспек.
Алдағы көктемде ауа райының қандай болатыны әзірге белгісіз. Сондықтан бәріне де алдын ала мұқият дайындалуға тура келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үйі суға кеткен тұрғындардың баспанамен қалай қамтылғанын жазған болатынбыз.