Батыс Қазақстанда 30-дан астам адамның тұмаумен ауырғаны расталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 95 078 адамның жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырғаны тіркелді.

Фото: Видеодан алынған скрин

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның 63 500-і — 14 жасқа дейінгі балалар.

Мира Нұрланқызының сөзіне қарағанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 21,38 пайызға төмендеді. 

— Күні бүгінге дейін облыста 32 адамның тұмаумен ауырғаны тіркелді. Барлық дерек зертханалық зерттеулер нәтижесінде расталды. ЖРВИ мен тұмаудың таралуын болдырмау мақсатында өңірде күнделікті эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, медициналық ұйымдардағы жағдай тұрақты бақылауға алынды, — деді М.Қауымбаева.

Оның айтуынша, биылғы эпидемиологиялық маусымға Батыс Қазақстан облысында тұмауға қарсы 68 мың доза вакцина алу жоспарланған. Вакцинация ең алдымен тұмаумен ауырған кезде асқыну қаупі жоғары азаматтарды қорғауға бағытталған. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, медициналық бақылаудағы балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар азаматтар және басқа да қауіп топтарына жататын адамдар бар. Оған қоса тұрғындар екпені ақылы түрде ала алады.

Тұмауға қарсы вакцинация — аурудың алдын алудағы маңызды іс-шаралардың бірі. Сонымен қатар адам егілгеннен кейін де жеке профилактика талаптарын сақтауы қажет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын вирустық гепатиттің адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екендігін жазған болатынбыз.