Батыс Қазақстанда 488 сайлау учаскесінде тұрғындар дауыс беріп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында сайлау учаскелерінде дауыс беру қалыпты жүргізіліп жатыр.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қаласындағы Х.Доспанова атындағы № 30 орта мектепте орын тепкен № 435 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Дарья Қабдуллиеваның мәлім еткеніндей, дауыс беру сағат 07.00-де басталды. 

Оның сөзіне қарағанда, учаске бойынша 2 318 сайлаушы тіркелген.

— Барлығы 2 322 бюллетень алынды. Алғашқы болып дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табыс етілді. Үйден дауыс беруші ретінде 24 адам тіркелген. Сағат 12.00-ге дейін өтініштер әлі де қабылданады. Шақыру қағаздары алдын ала таратылды. Тұрғындар дауыс беруге ниетті. Арыз-шағым түскен жоқ. Дауыс беру барысын байқаушылар қадағалап отыр, — деді Д.Қабдуллиева.

Фото: Орал қаласындағы № 435 сайлау учаскесі

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының деректеріне қарағанда, облыс бойынша комиссиялар саны — 673. Соның ішінде 14 аумақтық, 171 округтік және 488 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді, комиссия мүшелерінің саны — 4079.

Өңірде бірмандаттық аумақтық округтер бойынша 521 кандидат тіркелген. Саяси партиялардың тізімдері бойынша облыстық мәслихатқа 5 саяси партия өздерінің партиялық тізімдерін ұсынды және барлық партиялық тізімдер тіркеуден өткізілді.

Фото: Орал қаласындағы № 435 сайлау учаскесі

Жергілікті атқарушы органдардан алынған сайлаушылар саны — 451 868 адам.

— Барлық 488 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған. Мүгедектігі бар 2 362 сайлаушы тіркелген. Бұл санаттағы сайлаушыларға арнап аудиобюллетеньдер дайындалды және сайлау учаскелеріндегі арнайы бұрыштардағы компьютерлерге жүктелді. Дауыс берушілері 1 мыңнан асатын 200 учаскеде онлайн сервис қызметі және облыс орталығының 5 учаскесінде азаматтарды тіркеу сервистері ұйымдастырылды. Сайлау учаскелерінде дауыс беру қалыпты жүріп жатыр, — деп хабарлады БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірмандаттық сайлау округтері бойынша 551 кандидат тіркелгенін жазған едік.