БҚО-да бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 551 кандидат тіркелді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары белгілі болды.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттығына партиялық тізім бойынша 5 саяси партияда 53 кандидат тіркелді.
Атап айтқанда, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалынан 3 (әйелдер мен 35 жасқа дейінгі адамдар саны — 2), «Ауыл партиясы» РҚБ БҚО бойынша өңірлік филиалынан 6 (әйелдер мен 35 жасқа дейінгі адамдар саны — 3), «Respublica партиясы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалынан 8 кандидат (әйелдер мен 35 жасқа дейінгі адамдар саны — 6) сайлауға түспекші.
Сондай-ақ «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалынан 6 кандидат (әйелдер мен 35 жасқа дейінгі адамдар саны — 3), «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалынан 30 кандидат (әйелдер мен 35 жасқа дейінгі адамдар саны — 15) додаға қосылмақшы.
Әділ Жоламановтың сөзіне қарағанда, БҚО мәслихаты депутаттығына 15 бірмандаттық аумақтық округ бойынша 49 кандидат тіркелді, оның ішінде 18-і — саяси партиядан, 31-і — өзін-өзі ұсыну арқылы.
134 бірмандаттық аудандық аумақтық округ бойынша 416 кандидат, оның ішінде 169-ы — саяси партиядан, 247-сі — өзін-өзі ұсыну арқылы, ал 24 бірмандаттық Орал қалалық аумақтық округі бойынша 86 үміткер анықталды, оның ішінде 38-і — саяси партиядан, 48-і — өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылғандар.
— Жалпы облыс бойынша бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 581 кандидат ұсынылса, бүгінгі таңда соның 551-і тіркеліп отыр. 30 кандидат сайлау додасынан шығып қалды: 22-сі тіркеуге дейін, 6-уы тіркеуден дейін, екеуі кандидатты сайлау жарнасын төлемеуіне байланысты тіркеуден бас тартылды. Тіркелген кандидаттардың 73 пайызы — ер, 27 пайызы — әйел, 32,7 пайызы — 35 жасқа дейінгі жас, — деді Әділ Жоламанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы сайлау учаскесінде Қыз Жібек пен Төлеген дауыс бергенін жазған едік.