ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 513 жеке тұрғын үй мен 15 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын газсыз қалды.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалынан мәлім еткеніндей, оқиға 27 наурыз күні Орал қаласына іргелес орналасқан Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болды.
«Мичурин ауылы Заводская көшесінде еріген қар суларын азайту жұмыстарына жалданған экскаватор рұқсат етілмеген орында жұмыс істеген. Салдарынан сағат түнгі 02.05-те газ шығатын орташа қысымды Ду-160 мм жерасты полиэтилен газ құбырына ішінара зақым келген. Авариялық-диспетчерлік қызметінің слесарі газ құдығының ысырмасын жауып тастады. Соған байланысты 513 жеке тұрғын үй және 15 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын газсыз қалды. Қазіргі уақытта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында үйлерге қар суы кіріп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).