ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Сырым ауданының прокуратурасы міндетті салық төлемдерінің төленбеу дерегін анықтады.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Балдырған» балабақшасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қоса алғанда, 43 қызметкерге арналған төлемдер 8 ай бойы төленбей, 26 млн теңгеге жеткен.
- Соның салдарынан балабақшаның 43 қызметкері денсаулық сақтау және медициналық көмекке кепілдік беру бойынша конституциялық құқықтарын жүзеге асыра алмады. Аталған дерек бойынша облыстық білім басқармасына прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Берешек толығымен өтелді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да прокуратураның араласуымен 468,5 млн теңгенің мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).