БҚО-да прокуратураның араласуымен 468,5 млн теңге мемлекетке қайтарылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында өткен жылы прокуратураның араласуымен 468,5 млн теңге мемлекетке қайтарылды.

Бұл туралы облыс прокуроры Серік Шалабаевтың төрағалық етуімен 2024 жылғы жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде қылмыс 6,1 (4 621-ден 4 338-ге), соның ішінде ауыр қылмыс 14,1 пайызға (1 158-ден 995-ке) төмендеді.
Үйлестіру шараларымен полицияның есірткі қылмыстарын анықтау жұмысы күшейтілді. «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында еріктілердің қатысуымен 350-ден астам есірткі жарнамасы жойылды.
- Өткен жылы прокурорлар 442 тексеру жүргізіп, 90 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғады. Сондай-ақ 1 063 адамды әр түрлі жауапкершілікке тартты. Мемлекетке 468,5 миллион теңге қайтарылды. Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 18 қылмыстық іс қозғалып, оның 10-ы бойынша айыптау үкімдері шығарылды. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау қадағаланды. Осы орайда 72,9 мың баланың құқығы қорғалды. Прокуратураның үйлестіруімен алимент бойынша берешек 1 миллиард теңгеге азайтылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Мектептердегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын азайту үшін облыстық прокуратураның бастамасымен барлық білім беру ұйымдарында «Komek Stop Bulling» платформасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама балалардың түйткілді мәселелерін тез шешуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар 18 пайызға азайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да білім саласының 40-қа жуық қызметкері жауапқа тартылғанын жазған едік.