ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолын еріген қар суы шайып кетті.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 9 ақпан күні сағат 16.30 шамасында Жаңақала ауданы Мәстексай ауылынан 2 шақырым жерде болды.
«Қардың күрт еруі салдарынан су жолдың үстіне шығып кеткен (шаю ені – 55 метр, тереңдігі – 25 см). Көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Автокөлік жүретін жайдақ жол бар. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жергілікті әкімдік, полиция, ТЖ бөлімі кезекшілік ұйымдастырды. «Юнисерв» ЖШС күшімен жолды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Оқиға бақылауда», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын күшті жел салдарынан Атырау-Орал рейсі ұшпай қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).