Батыс Қазақстанда гуманитарлық көмек қалай үлестіріліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында гуманитарлық көмек қалай ұйымдастырылып жатыр? Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қалай жеткізілуде? Міне, осы жөнінде Батыс Қазақстан облысы гуманитарлық көмекті қабылдау штабының басшысы Аслан Тапишев Kazinform тілшісіне баяндап берді.
Оның айтуынша, штаб 5 сәуірде ашылғаннан бері өз қызметін барынша атқаруда.
Мұндағы басты мақсат — келген гуманитарлық көмекті сұрыптап, дайындап, ортақ базаға енгізіп, қалалық және аудандық штабтарға жеткізу.
«Эвакуациялық пункттерде жатқан тұрғындарға Үкімет тарапынан да, волонтерлар мен кәсіпкерлер тарапынан да қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Қала бойынша 2500-ден астам ерікті бөгеттерді тұрғызуға атсалысты. Ал 1 мыңнан астам ерікті гуманитарлық көмекті сұрыптап, дайындаумен айналысып жатыр», — дейді А.Тапишев.
Штаб басшысының мәлімдеуінше, 5 сәуірден бері облысқа 1218,16 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілсе, соның 500 тоннасы — азық-түлік, 244,2 тоннасы — тұрмыстық-гигиеналық заттар, 25 тоннасы — ауыз су, 298 тоннасы — құрылыс материалдары. Сондай-ақ төсек жабдықтары, шаруашылық құралдары — қайықтар, гидрокостюмдер бар.
«Облыстық комиссияның шешіміне сәйкес Орал қаласы, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Қаратөбе, Ақжайық аудандарына гуманитарлық көмек үлестіріліп берілуде. Облыстық штаб арқылы жалпы 580 тонна гуманитарлық көмек таратылды. „AMANAT“ партиясы БҚО филиалы ғимаратында орналасқан штаб арқылы Орал қаласының қиын жағдайға тап болған 2 613 отбасына азық-түлік себеттері жеткізілді», - дейді А.Тапишев.
Батыс Қазақстанға республика өңірлері мен қалаларынан ғана емес, өзге елдерден қолұшын созып жатқандар бар. Тек соңғы күндерді айтқанның өзінде, мысалы, 22 сәуірде Дағыстан Республикасынан 11 тонна көмек келді. Мұның негізгі бөлігі — тамақ өнімдері, шаруашылық заттары және құрал-саймандар. Сол күні Шымкент қаласынан сондай жүк тиелген 60 тонна көмек жеткізілді. Бұған 23 сәуірде Алматы қаласының мешіт жамағаты жіберген 20 тонна көмекті қосуға болады. Ал 24 сәуірде Тәжікстан Республикасынан 7 вагонмен 355 тонна гуманитарлық көмек Оралға жетті. Мұның 180 тоннасы — цемент, 118 тоннасы — шифер, 32 тоннасы — киім-кешек, ыдыс-аяқ, резеңке етіктер, 25 тоннасы — ауыз су.
Батыс Қазақстанға алғашқылардың қатарында Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 4 жүк көлігімен 80 тонна гуманитарлық көмектің жеткізілгенін атап өту керек.
«Біз осындай қысылтаяң сәтте көмек қолын созған жандардың бәріне шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз», - деді А.Тапишев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында 10 эвакуациялық пунктте 2 400-ден астам адам орналасқанын жазған болатынбыз.
БҚО-да Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақтан басқа гидробекетте төмендеді.