Батыс Қазақстанда қауіп әлі сейіле қойған жоқ – БҚО әкімінің орынбасары

Фото: Фото: БҚО ТЖД

ОРАЛ. KAZINFORM - Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында сәл-пәл төмендегенімен, Батыс Қазақстан облысында қауіп әлі сейіле қойған жоқ. Қазіргі жағдай жөнінде БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді.

- Қалияр Шадиярұлы, соңғы күндері Жайық өзеніндегі су деңгейі облыс орталығында түсе бастағаны байқалады. Дегенмен қауіп әлі бар ғой?

- Иә, қауіп жоқ емес. Жайық өзені бойында Орал қаласы мен Бөрлі, Бәйтерек, Теректі және Ақжайық аудандарының 84 елді мекені орналасқаны белгілі. Облыс орталығы мен осы ауылдарды тасқын судан аман алып қалу үшін қам-қарекеттің бәрі жасалып жатыр. Сәуір айынан бастап ұзындығы 142,6 шақырым, биіктігі 2-4,5 метр бөгеттер тұрғызылып, 1,2 млн астам құм толтырылған қапшық төселді. Бұған басқасын есептемегенде, 1 395 арнайы техника тартылса, соның 920-сы – еліміздің 11 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қаласынан келгендер. Облыстың өзінен 7 мыңнан астам адам жұмылдырылса, тағы 3 500-і – ТЖ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі әскери бөлімдерінің сарбаздары. Бәрі күн-түн демей еңбек етті. 

Фото: БҚО ТЖД

Облыс аумағына мол су 17 сәуірден бері Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсына келе бастады. Бөрлі ауданының 9 елді мекені Жайық бойында орналасқан. Күні бүгін осы ауылдар тұсында су деңгейі түсіп жатыр. Бір-екі күнде Бөрлі ауданында жағдай қалыпқа келеді деп отырмыз.

- Ал Орал қаласы мен қалған үш ауданда ахуал қандай?

- Облыс орталығы мен Бәйтерек, Теректі, Ақжайық аудандарында жағдай әлі де күрделі. Бұларда Жайық өзені бойында 75 елді мекен орналасқан. Орал қаласының өзінде 23 сәуірге қараған түні су деңгейі 865 сантиметрге жетсе, бүгін екі сантиметрге ғана түсті. Әлі қауіпті шектен 13 сантиметрге артық. Сол себепті Жайық өзенінің жоғары сағасындағы техниканы Орал қаласы мен аталған үш ауданға ауыстырып жатырмыз. Қауіп біржола сейілгенше, еш босаңсуға болмайды. 

undefined

 

- Екі-үш күннен бері Ақжайық ауданында судың ортасында қалып қойған жылқылардың құтқарылғаны жөнінде ақпарат тарады. Осыған байланысты мал иелеріне не айтар едіңіз?

- Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, мол судың келе жатқаны туралы тұрғындарға, шаруа қожалықтарының басшыларына алдын ала бірнеше рет ескертілді. Соған қарамастан, су баратын тоғайдың арасында қалып қойып жатқан малдар бар. Бұл жалғыз Ақжайық емес, басқа да аудандарда кездеседі. Егер де қожалық басшылары айтқан талапты орындап, малын уақытында қырға шығарса, мұндай күйге түспес еді. Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлеріне де малды құтқарамын деп суық суды кешуі оңайға тимейді. Қорыта айтқанда, облыс тұрғындары тасқын су жүріп жатқан кезде өз өмірлерін қатерге тікпей, малдарын да көзден таса қалдырмауы қажет.

- Әңгімеңізге рақмет.

БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, су жолына қапшықтарды төсеу, бөгеттер салу жұмыстары түнгі ауысымда да жүргізіліп жатыр. 

Фото: БҚО ТЖД

Су тасқыны басталғаннан бері 13 939 адам эвакуацияланса, соның 5 769-ы – бала. Эвакуациялық пункттерге 2 441 адам орналастырылса, 3 729 тұрғын үйлеріне оралды.

Облыс бойынша 4 940 үй жануары қауіпсіз жерлерге айдалды. 

Фото: БҚО ТЖД

Өңірде барлығы 1 279 202 дана қапшық және 24 257 мың тонна инертті материал төселді.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 11 261 адам, 1 988 техника, 229 су сору құралы, 197 қайық және 3 тікұшақ жұмылдырылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында төмендегенін жазған болатынбыз.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Батыс Қазақстанда 114 тұрғын үй салмақшы.