Батыс Қазақстанда көктемде су басу қаупі бар 186 елді мекен тіркелген

Фото: Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында алдағы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыс бойынша су басу қаупі бар 186 елді мекен тіркелген. Бұл ауылдарда 397 мыңнан астам адам тұрады және 86 мыңнан астам нысан орналасқан.

Бақытжан Хаберұлының сөзіне қарағанда, су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 186 елді мекеннің 118-інде қауіп азайтылды.

«Дайындық барысында өзендердегі су деңгейіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Су деңгейінің мониторингін дамыту үшін облыс аумағында 22 гидрологиялық бекет жұмыс жасайды. Қосымша су тасқыны кезеңіне дейін 7 жаңа гидробекет ашылады», дейді Б.Нарымбетов.

Оның айтуынша, сонымен қатар үш үлкен өзенде (Жайық, Шаған, Деркөл) жасанды интелектті қолдана отырып, 3 автоматтандырылған су тасқыны қаупін алдын ала анықтау жүйесі орнатылатын болады (жоба құны – 99,5 млн теңге). Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алуда байқау жарияланды.

«Облыстың су тасқыны қаупі бар 2 өзенінде санация жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, Деркөл өзені бойынша Тасқала ауылы тұсында құрылыс-монтаж жұмыстары 600 млн теңгеге бағаланған жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Шыңғырлау өзені бойынша жоба әзірленуде. 11 шақырым қашықтықта жұмысты іріктеп жүргізу үшін 22 млн теңге бөлінді», деді Б.Нарымбетов.

БҚО әкімінің орынбасары келтірген мәлімет бойынша биылғы су тасқынының салдарынан зардап шеккен 5 927 үйге техникалық тексеру жұмыстары толықтай жүргізілді.

Техникалық тексеру қорытындыларына сәйкес 1 343 тұрғын үй мен саяжай құрылыстары жарамды деп танылды. Ал 2 828 баспана (Бөрлі ауданы – 129, Қаратөбе ауданы – 90, Сырым ауданы – 264, Теректі ауданы – 160, Бәйтерек ауданы – 12 үй, Орал қаласы – 2 285 саяжай құрылысы) жарамсыз деп шешілді.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға бір реттік әлеуметтік көмек (100 АЕК – 4,7 млрд), материалдық (150 АЕК – 3,7 млрд) және мал шығыны (151 млн теңге) толықтай төленді.

«Күні бүгінге дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 87 өтінім келіп түсті. Өңірлік комиссия соның 85-ін мақұлдады, біреуі қайтарылды, тағы біреуі қайта дұрыстауға жіберілді. Қазіргі таңда 55 өтінім бойынша 3,2 млрд теңге республикалық бюджеттен төленсе, 24 өтінім (60,2 млн) «Күшіміз бірлікте» қоғамдық бірлестігі қоры есебінен қанағаттандырылды. Тұрғын үйлердің мәселесі толықтай шешілді. Яғни, 889 жаңа тұрғын үй салынып (аудандарда – 438, Орал қаласында - 451) және 1 939 баспана (аудандарда – 105, Орал – 1 834) сатып алынды. 1343 тұрғын үйдің (аудандарда – 865, Орал - 478) жөнделуіне ақша толықтай берілді», деді Б.Нарымбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда биылғыдай су тасқыны қайталануы мүмкін бе, соны жазған болатынбыз.