Батыс Қазақстанда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қандай

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мектептер жаңа оқу жылына дайын ба? Жөндеу жүргізіліп жатқан білім нысандарындағы жағдай қалай? Апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесі қалай шешіліп жатыр? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі мәселені саралап көрді.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қанша білім нысаны жөнделіп жатыр?

Батыс Қазақстан облысында 2025-2027 жылдары 86 мектепті күрделі жөндеу жоспарланған еді. Соның алтауы былтыр ретке келтірілді. Қалған 80 мектепке 39,8 млрд (биылға — 16,3 млрд) теңге қажет. Бұл жоспарды мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен орындау көзделген еді. Әйтсе де, кейінгі уақытта жағдай өзгерді. Мұның себебін білу мақсатында БҚО білім басқармасына арнайы сұрау жолданған еді.

Басқармадан алынған мәліметке қарағанда, мектептерді реновациялау бағдарламасы аясында облыста білім беру ұйымдарын кезең-кезеңімен күрделі жөндеу көзделген.
Күрделі жөндеуді қаржыландыру бастапқыда мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы жүзеге асырылады деп жоспарланған. Алайда қазіргі уақытта тиісті бюджеттік бағдарламаның әкімшісі мен қаржыландыру көзі айқындалмауына байланысты мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару мақұлданған жоқ.

Осыған байланысты облыстық бюджет комиссиясының шешімімен күрделі жөндеуді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен көзделді. Мердігер ұйыммен 2026-2027 жылдарға екі жылдық шарт жасасу, жұмыстарды екі жыл ішінде кезең-кезеңімен орындау және қаржыландыру жоспарланып жатыр.

Фото: БҚО Жәнібек ауданы білім бөлімі

Соған қарамастан, білім беру нысандарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округі Жасқайрат ауылындағы Ө.Сахипов атындағы орта мектеп және аудан орталығы Жәнібекте № 1 мектеп-лицейі, Орал қаласында Вальдорф бағытындағы мектеп-лицей жөндеуден өткізіліп, сонымен қатар Жаңақала ауданы Бірлік ауылындағы М.Мирманов атындағы орта мектеп бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Апатты мектептер мәселесі қашан шешіледі? 

Тағы бір маңызды мәселе — апатты мектептер жайы. Өңірдегі апаттық жағдайдағы 8 мектеп шағын жинақты болып есептеледі және негізінен облыстың шалғай елді мекендерінде орналасқан.

Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, үш апаттық мектеп бойынша жаңа ғимараттар салынып жатыр. Атап айтқанда, Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында 108 орындық, Қаратөбеде Сәуле елді мекенінде 60 және Тасқалада Айнабұлақта 60 орындық мектеп құрылысын 2026 жылы аяқтау көзделіп отыр. 

Қалған бес апаттық мектеп бойынша 2027 жылы жаңа ғимараттар салынбақшы: Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылында — 108 орындық, Жәнібек ауданы Тегісшіл, Казталов ауданы Әбіш және Көмекші, Ақжайық ауданы Жаңажол елді мекенінде — 48 орыннан.

Жаңа нысандар пайдалануға берілгенге дейін білім беру үдерісі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын ескере отырып ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда оқушыларды орналастыру мәселелері әрбір елді мекен бойынша жеке қаралады.

Фото: БҚО Жәнібек ауданы білім бөлімі

Батыс Қазақстан облысында үш ауысымды оқу режимінде жұмыс істейтін 6 мектеп бар. Жүктемені азайту және үш ауысымды оқытуды кезең-кезеңімен жою үшін жаңа мектептер мен қосымша оқушы орындарын салу қарастырылған. Соның ішінде Жаңақала ауылында 300 орындық жаңа мектеп, Орал қаласында № 24 мектепке 300 орындық жапсаржай салу ойластырылып жатыр.

Негізгі жобалардың бірі — Орал қаласында «Жұлдыз» шағынауданындағы 1 500 орындық мектеп құрылысы. Бұл нысан пайдалануға берілсе, Орал қаласы мен оған іргелес елді мекендердегі білім беру ұйымдарының жүктемесі азаяды.

Сондай-ақ Бәйтерек ауданы Володар ауылында 308 орындық, ал Ақсай қаласының 14-шағынауданында 1 200 орындық жаңа мектеп салу жоспарда.

Бұл жобаларды іске асыру оқушы орындарының тапшылығын біртіндеп кемітуге және үш ауысымды оқу режимін жоюға мүмкіндік береді.

60-тан астам елді мекен балалары тасымалмен оқытылады

Жаңа оқу жылына дайындық аясында жеткіншектерді оқулықтармен қамту, пәндік кабинеттерді жарақтандыру, балаларды тасымалдау мәселесі ұмыт қалмауға тиіс. 
Басқармадан мәлім еткеніндей, 2026-2027 оқу жылында облыста 382 мектеп жұмыс істейді, оларда шамамен 128 мың бала білім алмақшы. Соған орай оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд 115,3 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта сатып алынған оқулықтар білім беру ұйымдарына жеткізіліп жатыр.

Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында облыс алдына мектептерді 40 пәндік кабинетпен жарақтандыру міндеті қойылды.
Шағын жинақты мектептер салу аясында 24 пәндік (8-і физика, 8-і биология, 8-і алғашқы әскери дайындық) кабинет жарақтандырылады. Оған қоса Ақсай қаласындағы мектеп жобасы аясында 27 пәндік кабинет қолға алынады. Осылайша, облыс бойынша барлығы 51 пәндік кабинет жасақталмақшы, бұл белгіленген көрсеткіштен жоғары.

Облыста 63 елді мекеннен 56 мектепке 4 826 баланы тасымалдау ұйымдастырылған. Тасымалдау тиісті білім беру ұйымдары жоқ немесе жақын маңдағы мектептерде оқу қажеттілігі бар ауылдық және шалғай елді мекендерде тұратын балалар үшін білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

Батыс Қазақстанның Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетіні белгілі. Осы аумақтық ерекшелікті ескере отырып, ауылдық, шағын жинақты және шекара маңындағы мектептер желісін сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл мектептерді жабу жоспарланып отырған жоқ.

— Шағын жинақты және шекара маңындағы мектептердің одан әрі жұмыс істеуі туралы шешім қабылдау кезінде оқушылар саны, елді мекеннің шалғайлығы, ең жақын мектепке дейінгі қашықтық, автомобиль жолдарының жай-күйі және балаларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру мүмкіндігі ескеріледі. Жалпы алғанда, білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау, мектеп инфрақұрылымын дамыту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, апаттық және үш ауысымды мектептер санын қысқарту, оқулықтармен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базаны жаңарту Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының тұрақты бақылауында, — делінген ресми жауапта.

Шекарадағы мектеп мәртебесі өзгере ме?

Жәнібек ауданы білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиевтің нақтылауынша, қазіргі таңда Ұзынкөл ауылындағы және аудан орталығындағы А. Оразбаева атындағы жаңа мектеп құрылысы (әрқайсысы 108 орындық) аяқтала келген. 

— Күні бүгін күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Жасқайрат ауылындағы Өтепқали Сахипов атындағы мектептің жұмысы 70 пайызға бітіп тұр. Ішкі жұмыстары қалды, соған қарамастан, балалар сол ғимаратта білім алмақшы. Ал аудан орталығында № 1 мектеп-лицей ғимаратын күрделі жөндеу жұмысы баяулап тұр. Мұндағы 500 баланың 300-ін (бастауыш сыныптар) Тайыр Жароков атындағы қазақ орта мектебінде оқыту ойластырылуда. Қалған 200 оқушы А.Оразбаева атындағы мектептің бұрынғы ғимаратында білім алады, — деді А. Молдағалиев.

Фото: БҚО Жәнібек ауданы білім бөлімі

Ресеймен шекаралас орналасқан Талов ауылындағы Ғ. Сарбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-балабақша кешенінде мемлекеттік нормативке сәйкес 81 оқушы болуы тиіс. Осыған орай мұнда бала санын нормативке жеткізу мәселесі жыл сайын өзекті болып тұр. Өткен оқу жылын мектеп 56 шәкіртпен аяқтаса, қыркүйекте болжам бойынша 58 бала бармақ. Норматив бойынша әлі 23 оқушы қажет.

Талов ауылдық округінің әкімі Асқар Сәрсенғалиевтің мәлімдеуінше, аталмыш білім ордасының орта мектеп мәртебесін сақтап қалу мақсатында оқушы контингентін көбейту бағытында жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, басқа елді мекендердегі көпбалалы отбасыларды Талов ауылына көшіп келуге шақыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

— Күні бүгін 7-8 отбасымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келіссөздер оң нәтижесін берген жағдайда мектепке шамамен 12-13 оқушы қосымша қабылданады. Жалпы, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Талов ауылдық округінде 194 үй бар. Оның ішінде Таловта қазіргі таңда 611 адам тұрады, барлығы 177 үй. Майтүбек елді мекенінде 57 адам, 17 үй бар. Ауылға көпбалалы отбасыларды қоныстандыру, оқушы санын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады, — дейді Асқар Сәрсенғалиев. 

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың хабарлауынша, Бисен ауылдық округі Жиекқұм ауылында Кеңес Одағының Батыры Т. Масин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істеп келеді. 

— Соңғы кезде өзіндік тарихы бар мектепті қайта түлету мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынды. «Қаладан — ауылға» бағдарламасы аясында арнайы үй салынды. Оған көпбалалы отбасы орналастырылмақшы. Сондай-ақ алдағы уақытта 48 орындық шағын жинақты жаңа мектеп ғимаратын салу көзделуде. Бұл аталмыш білім ордасына тың серпін береді деп есептейміз, — деді Нұрлыбек Даумов.

Орал қаласындағы Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназия директоры Любовь Юшина қос қабатты ғимаратты ағымдағы жөндеу жұмыстарын мердігер «Строй Престиж KZ» ЖШС жүргізіп жатқанын жеткізді. Мұндағы жұмысты 19 қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қаласындағы 8 наурыз көшесі 198/1-мекенжайында орналасқан ғимарат БҚО білім басқармасының 2026 жылғы 28 қаңтардағы №НҚ-101 бұйрығына сәйкес Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясының теңгеріміне берілген.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Орал қаласы білім беру бөлімінің мәліметіне сәйкес, жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін аталмыш мектеп-гимназия оқушылары шаһардағы № 3 мектеп ғимаратында білім алады. Мүлікті өтеусіз пайдалану туралы 2026 жылғы 19 қаңтардағы шарт негізінде № 3 мектеп ғимараты биылғы желтоқсан айына дейін ақысыз пайдалануға берілген. Алдағы оқу жылында мектеп-гимназияда 570 оқушы білім алады. Олардың барлығын № 3 мектеп ғимаратына орналастыруға жеткілікті орын бар. Осыған байланысты оқушыларды орналастыру және оқу сабақтарын ұйымдастыру бойынша қажетті жағдайлар қарастырылған. Оқу үдерісі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Міне, осылайша, Батыс Қазақстандағы мектептер жаңа оқу жылын түрліше қарсы алғалы отыр. Соның ішінде білім нысандарындағы жөндеу ісі белгіленген мерзімде орындала ма? Бұл ретте мердігерлер жұмысы тиісті органдар тарапынан бақылауда болуы керек-ақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да апатты мектептердің орнына жаңасы қашан салынатынын жазған едік. 

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда шекарадағы ауыл мектептерінің жағдайы қалай екенін саралаған едік.