Батыс Қазақстанда шекарадағы ауыл мектептерінің жағдайы қалай
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор губернияларымен шектеседі. Осы орайда шекаралық елді мекендердегі мектептер жайы қалай? Оларды сақтап қалу мақсатында не қам жасалып жатыр?

Білім басқармасы ұсынған деректер
БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің мәлім еткеніндей, шекара маңында орналасқан 72 елді мекенде 15 мыңға жуық оқушысы бар 84 білім беру ұйымы жұмыс істесе, соның 11-і — бастауыш, 17-сі — негізгі, 56-сы — жалпы орта білім беретін мектептер.
Елдос Набиоллаұлының сөзіне қарағанда, 84 мектептің 29-ы толық жинақты болса, 55-і шағын жинақты болып есептеледі. 51 мектеп қазақ тілінде білім берсе, алтауы орыс тілінде, қалған 27-сі — аралас тілде.
— Білім ордаларының 64-і үлгі жобадағы, 20-сы бейімделген ғимараттарда орналасқан. Соның ішінде бесеуі 1960 жылға дейін, 24-і 1970, 22-сі 1980, 23-і 1990 жылға дейін, қалған 10-ы 2000 жылдан бергі кезеңде салынған. Соңғы он жылда 22 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Биыл «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары аясында жалпы жобалық қуаты 564 орындық 7 шағын жинақты мектеп салу көзделуде, — дейді Е.Сафуллин.

Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, 2022-2024 жылдар аралығында Бөкей ордасы ауданы Мұхамед-Салық Бабажанов атындағы, Жәнібекте Т.Жароков атындағы, Казталовта Казталов мектеп-лицейі, Тасқалада Қ.Сәтбаев атындағы мектеп «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоры есебінен заманауи құралдармен жарақтандырылған.
Жоба бюджеті — 1 млрд теңге, пәндік бағыттағы кабинеттер мен қосымша дағдылар жаңартылды.
2025 жылы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінің материалдық-техникалық базасы 250 млн теңгеге жаңартылады.
Жалпы мектептердің жобалық қуаты — 27 569 орын болса, оқушылардың саны — 14 907. Профицит 28 167 орын болса, 4 мектепте 150 орынға жетіспеушілік бар. 13 мектептің жанында 740 орынға есептелген интернаттар бар, оларда 318 оқушы тәрбиеленуде.
Орташа білім сапасы — 65 пайыз.
Шекара маңындағы мектептерде 2 662 педагог жұмыс істейді, соның 76-сы — магистр, 2 235-і жоғары, 351-і арнаулы орта білімді. Соның ішінде 11 педагог-шебер, 417 педагог-зерттеуші, 786 педагог-сарапшы, 809 педагог-модератор бар.
Облыс бойынша мектептер кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Білім мекемелеріне интернет желісі төрт түрлі технология арқылы таратылады: ТОБЖ технологиясы арқылы — 38 мектеп, радиокөпір — 15, LTE — 14, Starlink — 10, Спутник — 5, ADSL — 2 мектеп.

Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында «Ауыл мектебі — сапа алаңы» жобасы жүзеге асырылуда.
Облыс бойынша осыған дейін бұл жобаға 7 тірек және бекітілген 17 мектеп қосылса, алдағы оқу жылында олардың саны сәйкесінше 8 және 19 білім ордасына жетпек.
Соңғы жылдары шекаралық ауыл мектептері де үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, республикалық олимпиадада көрсеткен үздік нәтижелері үшін Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-лицейіне «Ең үздік ауыл мектебі-2024» атағы берілді.
Сол секілді республика бойынша үздік 100 мектеп қатарына Казталов ауданы Казталов мектеп-лицейі мен Тасқала ауданы Садық Жақсығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі енді.
— Дегенмен кейбір шекаралық елді мекендерде мектептерді сақтап қалу өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Нормативке сәйкес келмеуіне байланысты соңғы үш жылда Бөкей ордасы ауданында Шоңай, Бөрліде Қарашығанақ, Шыңғырлауда Жаңакүш бастауыш мектептері жабылды. Күні бүгін білім алушылар санының азаюына орай Бәйтерек ауданында Чиров пен Кирсанов, Шыңғырлауда Жаңатұрмыс негізгі орта мектептердің бастауышқа, Жәнібекте Ғ.Қараш және Ғ.Сарбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептердің негізгі мектепке айналу қаупі бар, — деді басқарма басшысы.

«Қаладан ауылға» бағдарламасының септігі тиді ме?
Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиевтің айтуынша, шекаралас аймақтағы 33 елді мекенде 22 білім ошағы (13 орта, 6 негізгі, 3 бастауыш мектеп) орналасқан.
Олардың арасында ҚР Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы № 185 және Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрықтарымен белгіленген нормативке сәйкес келмейтіндері бар.
Мәселен, өткен оқу жылында Чиров ауылындағы Чиров негізгі орта мектебінде 25, Кирсановтағы Кирсанов мектебінде 23 оқушы білім нәрімен сусындады. Шекара маңында орналасқандықтан бұл мектептер қайта құрылып немесе жабылған жоқ.
Мұндай білім ұяларын сақтап қалудың бірден-бір жолы — сол ауылдарға көп балалы отбасыларды қоныстандыру.
Е.Ғалиевтің мәлімдеуінше, осы бағытта ауданда айтарлықтай істер қолға алынуда. Нақтылап айтқанда, 2024 жылы Чиров, Құрманғазы, Сұлукөл, Красноармейск, Раздольный, Егіндібұлақ, Шалғай ауылдарында бой көтерген 54 жаңа үйге көпбалалы отбасылар кірді.
Бұл ауылдың әлеуетін артырып, мектепке тың серпін беруде. Қазіргі таңда аталған ауылдардағы 20 отбасындағы мектеп жасындағы 40 бала оқумен қамтылып отыр.

Өткен оқу жылдарында туындаған қиындыққа қарамастан, Сұлукөл, Чеботарев, Красноармейск, Кирсанов негізгі, Ш. Уәлиханов, Қ.Ахмиров, І.Есенберлин атындағы орта және Павлов бастауыш мектептерінде мектепалды даярлық сыныптары сақтап қалынды.
Батыс Қазақстан облысында қолға алынған «Қаладан — ауылға» бағдарламасы аясында қоныс аударған тұрғындар есебінен Чиров мектебінде қазақ сыныптары ашылып, ол аралас мектепке айналды.
— Осы білім ошақтарындағы оқушыларды тұрақтандыру мақсатында мектеп әкімшілігі мен округ әкімдігі тарапынан тиісті іс-шаралар атқарылуда, — деді Ерлан Ерсайынұлы.
Казталов ауданы білім бөлімінің басшысы Самал Жангереева аудан бойынша шекаралық аймаққа Болашақ ауыл округіндегі А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-бөбекжай кешені, Көпкүтір, Жаңатаң негізгі мектептері, Қайыңды ауылында Қайыңды орта мектебі, Қараоба ауыл округінде Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясы мен Еңбек бастауыш мектебі, Қошанкөлде Г.Бегалиев атындағы орта мектеп және Ордабай бастауыш мектебі кіретінін келтірді.
Аталмыш білім ордаларын саралап қарағанда оқушылар контингенті жыл сайын артып келеді, тұрғылықты халық санының өсімі байқалады. Демек, оларға жабылу қаупі төніп тұрған жоқ.
— Алдағы уақытта да аталған білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық тұрғыда нығайту, білікті мамандармен қамтамасыз етіп, білім сапасын арттыру негізгі басымдықтардың бірі болып қала бермек, — деді С. Жангереева.
Өңірде ауылдардан қалаға көшушілердің саны жыл сайын көбейіп келе жатқаны мәлім. Осыған орай кейбір елді мекендерде мектепке баратын балалар саны азайып кетті.
Бұл мәселе, мысалы, облыс орталығынан шалғай орналасқан Жәнібек ауданының Талов және Борсы ауылдық округінде өткір тұр.
Аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов ұсынған мәліметке қарағанда, Ғ.Сарбаев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені Талов ауылында орналасқан, аудан орталығынан 150 шақырым жерде, Ресей шекарасына таяу тұр.

Жобалық сыйымдылығы 624 орындық үлгі жобадағы үш қабатты мектеп ғимараты, газ, сумен қамтамасыз етілген. Мұнда 2024-2025 оқу жылында тек 57 шәкірт білім алып шықты. Алдағы жылдары бұдан да азаюы ықтимал.
— Талов ауылдық округінде биылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша 680 адам тұрса, соның 623-і (177 аула) Таловта, 57-сі (17 аула) Майтүбекте. Мектеп жаңа оқу жылын 53 шәкіртпен бастамақшы, соның ішінде екеуі 1-сынып, алтауы мектеп алды даярлық тобына, төртеуі 11-сыныпқа бармақшы. Қазіргі таңда «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында екі отбасы көшіп келді. Отбасы мүшелері жұмысқа орналасты, балалары мектепке қабылданады. Мұндай жұмыстар жалғасын табады, — деді Ж.Ахметов.
Ол аудан орталығынан 90 шақырым жердегі Борсы ауылындағы Ғ.Қараш атындағы орта мектеп бейімделген, газ, суы бар ғимаратта орын тепкенін тілге тиек етті.
Борсы ауылдық округінде халық саны 970 адам болса, мектепте осыған дейін 82 оқушы білім алған.
Жаңа оқу жылына 78 бала келмекші. Қаладан Борсыға мектеп жасында 2 баласы бар 1 отбасы қоныстанбақшы.
Жәнібекпен көршілес Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм ауылындағы Т.Масин атындағы орта мектепті негізгі мектепке ауыстырмай, 10-11 сыныптарды сақтап қалу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.
— Заң аясында нақты шешім қабылданатын болады. Жалпы, шекаралық аудандарда халықты ұстап қалу үшін заңға өзгеріс енгізілсе деген ұсыныс бар, — деді К.Нұршинов.

Нормативті қайта қарау керек — Мәжіліс депутаты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев мемлекеттік органның бұйрығы салдарынан жабылған білім ордасының орнында опық жеп отырған қарапайым адамдардың мәселесі хақында сөз қозғады.
Нартай Аралбайұлының пайымдауынша, тәуелсіздік алғалы бері құжат үстіне құжат қабылдаған мемлекеттік органдарда жалқының мысалын жалпыға жабу бар.
Яки әлеуметтік нысандар ашса да, білім ордаларын салса да, «пәленше адам болса ғана түгенше шаршы метр ғимарат салынады» деген сансыз стандарт қабылдады.
Қағаз бәрін көтереді, бірақ қағазға түскен қаріптер халықтың жағдайын қиындатпауы тиіс. Соның бір айғағы Батыс Қазақстан облысында орын алды.
— Мәселе мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы санының шегіне қатысты. Бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектептің жабылғаны, ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің (Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарында бір-бірден) таратылғаны төбемізге жай түскендей әсер етті. Мемлекет басшысы ауыл мектептері туралы «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер айтқан жоқ. «Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады» дегені есімізде. Ендеше, қағазға хатталған нормативтің кесірінен бастауыш мектептері жабылған 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімге? Мектеп жабылды деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта балалардың қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына, қала берді жасына сай алуы тиіс мейіріміне кім кепілдік береді? Ешкім. Мектеп жабылғанда, жұмыссыз қалған ұстаздардың халі нешік? Олар да ауылдан ауылға көшіп жүруі керек пе? — дейді Мәжіліс депутаты.

Оның ойынша, қазір бір қауіпті тенденция бар, ауылындағы мектеп жабылғандықтан, басқа елді мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен ауылдың картадан өшетіні белгілі.
Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек: соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек, бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады.
Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартты бәріне бірдей таңу қате.
— Ендеше, аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының жетеуінде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесек, тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмаймыз. Бір мысал ретінде облыс орталығынан шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданына қарасты Жиекқұм ауылындағы Темір Масин мектебін және жабылудың аз-ақ алдында тұрған Үштерек бастауыш мектебін алуға болады. Бала санының аздығына байланысты Т.Масин орта мектебі негізгі мектепке айналуы ықтимал. Бұдан бұрын дәл шекарадағы Шоңай бастауыш мектебі біржола жабылғаны белгілі. Сонда мектеп жасындағы балалар қайда барады? Кімнің босағасын сағалайды? — дейді Н.Сәрсенғалиев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы — шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі — жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды», — деп шегелеп айтты.
Депутат осыған орай нақты ұсыныс айтты. Оған сүйенсек, Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы бұйрығында көрсетілген 2.2., 2.3., 2.4-тармақтарын «ерекше жағдайда» деген тіркеспен толықтыру немесе шекара маңында орналасқан мектептер үшін аталмыш тармақтарда белгіленген нормативтің шегін азайту керек.
— Әйтпесе шекаралық ауылдар мектепсіз қалады, салдарынан ел көшеді, жер иесіз болады. Ал халқымыз айтқандай, бос жатқан жер жау шақырады, — деп түйіндеді сөзін Мәжіліс депутаты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 17 мектептің құрылысы жүргізілетінін жазған болатынбыз.
8 шілдеде Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев депутаттарға берген жауабында БҚО-ның шекаралас аудандарында орналасқан 13 мектеп таратылуы мүмкін екенін хабарлады.