ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісте тұрғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Бейнежазбаға қарағанда, жүк көліктерінің кезегі тым көп екендігі байқалады.
Осыған орай Kazinform тілшісі жолдаған сауалға БҚО мемлекеттік кірістер департаменті жауап берді.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде және оған іргелес аумақта жүк көліктерінің шоғырлануы Ресей тарапынан қабылдаудың жай қарқынмен жүруіне байланысты болған.
- Қазіргі кезде екі елдің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары тарапынан кептеліс кезінде мемлекеттік кірістер органдарының жұмысына реніш туындаған жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ла Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісі туындағанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да «Сырым» автомобиль өткізу бекетінің жөндеуге қашан жабылатыны белгісіз екендігі хабарланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).