Батыс Қазақстанда су қоймаларындағы жағдай қалай
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Қазсушар» РМК су қоймаларына 399 млн текше метр су жинақталып, 72 пайызға толды.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалынан мәлім еткеніндей, аталмыш мекеме Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су шаруашылығы қызметтерімен ұдайы байланыста.
Ресейлік әріптестердің мәліметіне сәйкес қазіргі кезде Саратов облысында орналасқан Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 66 текше метр су жіберілуде.
Биыл мұнда ең жоғары су жіберу көлемі секундына 550 текше метрге жеткен еді.
Казталов және Жаңақала аумақтарымен өтетін тағы бір өзен — Сарыөзенде су тасқыны аяқталды. Күні бүгінге дейін қос өзенге 400 млн текше метрден астам тасқын суы алынды.
Бұл ағын су лимандарға және табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталды.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы мамандарының хабарлауынша, Орал қаласындағы Шаған су қоймасында судың деңгейі — 29,40 метр.
Бұл қойманың су тастағыш иммараты 2023 жылдың күзінен бастап толық ашық.
Тасқын су иммарат арқылы еркін өтіп, Жайық өзеніне құйылуда.
Суды жазғы-күзгі мезгілдерге сақтап қалу үшін аталған құрылым тасқын мөлшері азайған кезде жабылатын болады.
Шаған және Деркөл өзендерінің бойындағы гидробекеттерде су деңгейінің төмендеуі байқалады.
«Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне бүгін таңмен сағат 08.00-де секундына 1 670 текше метр су жіберілсе, сағат 16.00-де 1 324 текше метрге дейін азайтылды. Бұдан бірнеше күн бұрын Ирикладан секундына 2 170 текше метр су жіберілген болатын. Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі қазіргі сәтте 713 сантиметрге (қауіпті шегі — 850 см) жетті. Осыған дейін Жайықтағы су деңгейі жергілікті ағын және оның орта ағысында орналасқан салаларының суынан көтерілді. Сәуір айының екінші жартысында Орынбор облысындағы Сақмар өзені және Ирикла су қоймасынан келетін судың есебінен Жайықтың деңгейі ең жоғары шегіне жетеді делінуде. Облыстың бас өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 102 текше метр су түсуде. Қазіргі таңда су қоймаларына су жиналуда, 8 сәуірден бастап көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су беру басталды. Филиалдың су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты» деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы гидробекетінде 710 сантиметрге жеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ су тасқынына байланысты БҚО-да тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр.