Батыс Қазақстанда жаңбырлы күні жолға асфальт төселген

Фото: Видеодан алынған скрин

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, жолдағы шұңқырға асфальт төселіп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Бейнежазбада әйел адам жол жөндеу жұмысының осылайша сапасыз жүргізіліп жатқаны жөнінде айтады. 

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы 27 маусым күні республикалық маңызы бар Атырау-Орал жолының 349-шақырымында шұңқыр жөндеу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілгенін растады.

Жол жабынының ақаулы учаскелері кесіліп, битум салынған. Алайда асфальтбетон қоспасын төсеу кезінде жаңбыр жауып кеткен. 

Қолайсыз ауа райына қарамастан, жол қозғалысына қауіп төндірмеу және көлік құралдарын кедергісіз өткізу мақсатында мердігер ұйым жұмысты бітіру жөнінде шешім қабылдаған. Әйтсе де «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы технологиялық талаптарға сай келмеуіне байланысты жаңбыр кезінде жасалған жұмыс көлемін қабылдамады. 

- Келісім-шарттағы міндеттемелерге сәйкес мердігер ұйым – «ҚАЖсервис» ЖШС БҚО филиалы анықталған кемшіліктерді жою үшін өз қаражаты есебінен аталған учаскеде асфальтбетон қоспасын қайта төсеуді міндетіне алды. Кеше жаңбыр болуына байланысты жұмыс бүгін қайтадан жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы жол жөндеу жұмыстары кезінде ауа райын ескере отырып, технологиялық регламенттің сақталуына бақылау шараларын күшейтетін болады, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынатынын жазған едік.