ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінде 7 адам құтқарылды.
БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 10 мамыр күні Теректі ауданында болған.
«Сағат 16.41-де Жайық өзені бойымен жүзуді жоспарлаған адамдардан эвакуациялау жөнінде өтініш түскен. БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағы және 12-өрт сөндіру бөлімшесі күш-құралдарының және дронның көмегімен Сәуір жары туристік аймағы маңынан 7 адам табылып, қауіпсіз жерге шығарылды. Олар жағалауға өз бетімен жете алмаған, қайықтың біреуін өзен ағыны алып кеткен» деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында қоқыс полигоны өртеніп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).