ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында 899 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 5 мамыр күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Тайпақ гидробекетінде бір тәулікте су деңгейі 42 сантиметрге көтерілді.
Биылғы 22 сәуірде Жайықтың деңгейі Орал қаласы тұсында 865 сантиметрге жеткен еді. Тайпақта одан 34 сантиметрге асып кетіп отыр.
Есесіне Жайық өзені бойындағы басқа гидробекеттерде су деңгейі түсуде. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданы Январцев ауылында бір тәулікте 8 (800 см, қауіпті шегі – 1 250 см), Орал қаласында 7 (792 см, 850 см), Көшімде 5 (813 см) сантиметрге төмендеді. Сондай-ақ Көшім каналында бірден 22 сантиметрге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында жаңадан су қоймалары қашан салынатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Орал қаласында суға кеткен барлық саяжай техникалық тексеруден өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).